$ 537.91  628.87  6.6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматы облысында Орталық Азиядағы ең ірі зауыт салынады

Чипсы өнімдерін дайындайтын картоп сорттарын Қазақстанда өсіру жоспарланып отыр

Алматы облысында Орталық Азиядағы ең ірі зауыт салынады
Фото: pixabay

Премьер-министр Олжас Бектенов PepsiCo компаниясының өңірдегі басшысы Давид Манзинимен Алматы облысында зауыт салу мәселесін талқылады,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

900 жұмыс орны ашылады

Жаңа PepsiCo зауыты Орталық Азиядағы ең ірі зауыт болмақ. Онда тұзды тағамдар өндіріледі.

2024 жылғы маусымда өткен келіссөздер қорытындысы 160 млн доллар инвестиция тарту жоспарланған.

«Картоп өңдеудің өндірістік қуаты мен көлемі үш есеге артып, 70 мың тоннадан 210 мың тоннаға дейін өседі. Бұл жылына шамамен 70 мың тонна дайын өнім шығаруды қамтамасыз етеді», - деп жазылған хабарламада.

Кәсіпорында 900-ге жуық жұмыс орны ашылады. PepsiCo компаниясының Ресей, Беларусь, Кавказ және Орталық Азия өңірі бойынша президенті Давид Манзини жобаның бірінші кезеңін іске қосу және қазақстандық өнімнің бірінші партиясын шығару 2026 жылдың наурыз айына жоспарланғанын, 2027 жылдың қыркүйегінде зауыт толық қуатқа шығатынын айтты.

Жергілікті шикізат қолданылады

Жоба аясында жергілікті шикізатты пайдалану көзделіп отыр  — картопты жеткізуге қазақстандық фермерлік шаруашылықтар тартылады.

«2035 жылға дейін PepsiCo чипсы өнімдерін дайындайтын картоп сорттарын өсіруді толық локализацияға көшуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта бағдарламаға Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Алматы облыстары мен Жетісу облыстарынан шамамен 15 шаруашылық қосылған», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ шикізатты сақтау базасын кеңейту және өнімнің өнімділігі мен сапасын арттырудың ғылыми тәсілдерін дамыту көзделген.

«Біз жоғары өңделген дайын өнім шығаруға бағытталған осындай жобаларды толық қолдаймыз. Мемлекеттік органдар екі апта ішінде барлық қажетті шешімдерді қабылдайды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Серіктес жаңалықтары