$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Бұрын-соңды мұндай болмаған»: Үкімет бюджетке 609 млрд теңге жинай алмай қалған

Бір жыл ішінде бюджетті 12 рет түзеткен

«Бұрын-соңды мұндай болмаған»: Үкімет бюджетке 609 млрд теңге жинай алмай қалған
Фото: istockphoto.com

Былтыр республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне салық және салық емес түсімдер түрінде шамамен 609 миллиард теңге түспеген. Бұл туралы Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжілістің қарауына Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері енгізілді.

Дания Еспаева депутаттар бюджетті орындау кезінде Үкімет тарапынан жол берілетін проблемалар туралы үнемі айтып келе жатқанын, бұл тіпті үйреншікті жағдайға айналғанын айтады.

«Біріншіден, дефицит көлемі едәуір үлкен, ол жылдан жылға өсіп жатыр және бюджет кірісі есебінен емес, Ұлттық қордан берілетін трансферттер есебінен жабуға алып келіп жатыр. Екіншіден, мемлекеттік қарыз мөлшері ұлғаюда. 2024 жылы да солай болды. Мемлекеттік қарыз 2023 жылғы деректермен салыстырғанда 17,2%-ға өсті. Үшіншіден, тиімсіз пайдаланылған қаражат көлемі жоғары деңгейде қалып отыр. Жоғары аудиторлық палатаның деректері бойынша былтыр тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен активтер көлемі 2 есеге жуық өсті. Ал, анықталған заңбұзушылықтардың жалпы көлемі 862 млрд теңгені  құрады», - дейді депутат.

Төртіншіден, Еспаеваның айтуынша, 2024 жылдың ішінде бюджет 12 рет түзетілген, бұрын-соңды мұндай көп түзету болмаған. Яғни бұл жоспарлау сапасының төмен екенін көрсетеді.

Бесіншіден, квазимемлекеттік сектор қызметінде бюджетке тәуелді болу, айтарлықтай борыш міндеттемелері сияқты проблемалар үнемі орын алып отыр.

«Алтыншы, ол – бюджеттің игерілмеуі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 92 млрд теңге игерілмеген. Осы жылы Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Көлік министрліктерінде игерілмеген қаржы көлемі жоғары болды, олардың әрқайсысы 20 млрд. теңгеден артық игермеген. 2024 жылы осы проблемаларға барлық бөлім бойынша (салық, салықтық емес түсімдер, трансферттер) бюджеттің кіріс бөлігінің орындалмауы және соның салдарынан бюджеттен жеткіліксіз қаржыландырылу (шамамен 422 млрд теңге) проблемасы да қосылды», - дейді Еспаева.

ЖАП есебіне сәйкес, былтыр халықты әлеуметтік қолдауға, мемлекеттік қарызға қызмет көрсету мен өңірлерге қаржылық көмек беруге бюджет ақшасы көбірек жұмсалған.

«Көріп отырғанымыздай, мұндай шығыстар құрылымы ел экономикасын дамытуға бағытталмаған», - дейді депутат.

Ал Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржановтың ақпаратынша, 2024 жылғы бюджеттің кіріс бөлігі бойынша бекітілген 16,1 трлн теңге көлеміндегі жоспар 2 трлн теңгеге қысқартылып, 14,1 трлн теңгені құраған. Алайда жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш те толық орындалмаған. Яғни өткен жылдың қорытындысы бойынша бюджетке салық және салық емес түсімдер түрінде 609 млрд теңге түспей қалған.

«Салық түсімдері негізгі кіріс көзі болып қалып отыр. Олар республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің 63%-ын немесе 12,3 трлн теңгені құрайды. Дегенмен 2023 жылмен салыстырғанда салықтардың үлесі 5%-ға немесе абсолютті мәнде 604 млрд теңгеге азайған», - дейді Нұржанов.

Серіктес жаңалықтары