Үкімет химия және металлургия саласында тоғыз мыңға жуық жұмыс орнын ашпақ
Салаға $10 млрд астам инвестиция тартылмақ

Премьер-министр Олжас Бектенов химия және металлургия салаларын дамытуға қатысты кеңес өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев бүгінде жалпы инвестиция көлемі шамамен $10 млрд және 8,7 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашатын 5 ірі бастаманың жүзеге асырылып жатқанын баяндады.
«Абай облысында қуаттылығы 300 мың тонна катодты мыс балқыту зауыты салынып жатыр. Инвестиционың жалпы көлемі $1,5 млрд-қа жетеді. Зауыт жұмыс істеп тұрған Бозшакөл, Ақтоғай және Шығыстүстімет кен орындарынан концентраттарды өңдеуге арналған. 1 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген», - деп хабарлайды үкімет.
Қарағанды облысында «Qarmet» АҚ өндіріс көлемін арттыра отырып машина және автомобиль жасау кәсіпорындары үшін өнімнің жаңа түрлерін шығару арқылы ауқымды жаңғырту бағдарламасын іске асырып жатыр. Инвестиция көлемі $3,5 млрд-ты құрайды.
«2028 жылға дейін жыл сайын 9 млн тоннаға дейін көмір өндіруді, 5 млн тоннаға дейін темір кені концентраты мен болат өндіруді қамтамасыз ету жоспарланып отыр. 2 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұған дейін жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2024 жылы өндірістік қызмет толық қалпына келтірілді, жабдықтарды күрделі жөндеу аяқталды, 8 шахтаның 7-еуінде көмір өндіру жұмыстары жүргізілуде, бұл өндіру көлемін 7%-ға арттыруға мүмкіндік берді», - деп хабарлайды үкімет.
Бұдан өзге Қостанай облысы мен Батыс Қазақстан облыстары да да химия өнеркәсібін дамытуға ден қойған.