Енді елімізде 134 ауылды су баспайды: Ислам даму банкі Қазақстанға 2,7 млрд доллар несие бермек
Ақша кезең-кезеңмен бөлінеді

Қазақстан жаңа су қоймаларын салып, ескілерін жөндеу үшін Ислам даму банкінен 2,7 миллиард доллар несие алады. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, алдағы жұмыстардың ауқымы мен өңірлерге қомақты инвестиция қажет екенін ескеріп, шетелдік қаржы институттарын тарту бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр.
«Бүгінгі таңда Ислам даму банкінің директорлар кеңесі жалпы құны 2,7 миллиард АҚШ долларын құрайтын несие мен грант бөлу туралы шешім қабылдады. Жоба екі кезеңмен іске асырылады», - деді Нұржігітов Мәжілісте өткен үкімет сағатында.
2025–2027 жылдарға жоспарланған I кезеңде келісім сомасы 1,153 миллиард долларды құрайды. Оның ішінде: құрылыс-монтаждау жұмыстары мен цифрландыруға – 1,1 млрд доллар; жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге жеңілдетілген несие ретінде – 50 млн доллар; министрлікке қарасты ведомстволық ұйымдардың институционалдық әлеуетін арттыруға грант ретінде – 3,5 млн доллар қарастырылған.
Ал II кезең (2027–2029 ж) аясында 1,6 миллиард доллары көлемінде инвестиция тарту көзделіп отыр.
«Несие қаражаты есебінен 2025 жылы еліміздің өңірлерінде төрт су қоймасының құрылысы басталады. Атап айтқанда, оңтүстік өңірлерде орналасқан Ақмола, Қалғұты және Қараөзек су қоймалары жаңадан айналымға енгізілетін 22,5 мың гектар суармалы жердің вегетациялық кезеңіндегі су тапшылығын өтеуге бағытталады. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысында Үлкен Өзен өзенінде салынатын су қоймасы (28 млн м³) тасқын және еріген суларды жинауға, сондай-ақ Қазталов ауданындағы екі елді мекенді (шамамен 5 мың адам) су басу қаупінен қорғауға мүмкіндік береді», - деді министр.
Бірінші кезең аясында Жамбыл облысындағы Теріс-Ащыбұлақ пен Қарақоңыз су қоймаларын және Түркістан облысындағы Қосқорған мен Көксарай контрреттеуішін реконструкциялау жұмыстары көзделген.
Бұған қоса, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарының аумағында жалпы ұзындығы 3452 шақырым болатын 115 ирригациялық каналды цифрландыру элементтерімен жаңғырту жоспарланып отыр. Жобалар тізіміне Түркістан облысындағы «Тұран су» және Алматы облысындағы «Алматыоблсушар» коммуналдық шаруашылық нысандары да енген.
Нұржігітовтің айтуынша, 2027 жылға жоспарланған несие 25 жобаға жұмсалады. Оның ішінде 13 су қоймасын салу және 11 су қойманы реконструкциялау бар. Сонымен қатар, 10 облыста 5 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар жаңғыртылады.
«Осы жұмыстардың нәтижесінде су инфрақұрылымының жалпы жағдайы айтарлықтай жақсарады. Бұдан бөлек, 200 мыңнан астам халқы бар 134 ауылда су басу қаупі едәуір төмендейді деп болжануда», - дейді министр.