$ 510.06  566.32  6.32
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

БАӘ Жамбыл облысында жел электр станциясын салады

Осы жоба аясында еліміз 1,4 млрд доллар тікелей инвестиция тартады

БАӘ Жамбыл облысында жел электр станциясын салады
фото: egemen.kz

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері Жамбыл облысында «жасыл» энергетика саласындағы ірі жобаны іске асырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгін Сенатта Қазақстан мен БАӘ арасында Жамбыл облысында қуаты 1 гигаватт болатын жел электр станциясы мен 300 мегаватттық энергия жинақтау жүйесін салу жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заң жобасы талқыланды.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, Қазақстан жобаны халықаралық Masdar компаниясымен бірлесіп жүзеге асырады. Электр станциясы жылына 3,4 миллиард киловатт-сағатқа дейін электр энергиясын өндіреді. Бұл көмірқышқыл газы шығарындыларын 2 млн тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Ал қуаты 300 мегаватт болатын энергия жинақтау жүйесі электр қуатына сұраныс жоғары кезеңдерде тұрақты энергиямен қамтамасыз етпек.

«Жоба аясында 1,4 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тарту көзделіп отыр. Құрылыс кезінде мыңға жуық уақытша жұмыс орны құрылса, жоба пайдалануға берілгеннен кейін 100-ге тарта тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазақстандық мамандар жаңа технологияларға қол жеткізіп, біліктілігін арттыра алады. Сондай-ақ, жоба аясында ұзындығы 425 шақырымдық жоғары кернеулі электр жеткізу желілері салынады. Бұл еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын энергетикалық инфрақұрылымды нығайтады», - деп атап өтті Энергетика министрлігі.

Жобаны жүзеге асыру барысында инвесторлар қазақстандық тауарлар мен қызметтерді пайдаланбақ.

«Жоба халықаралық экологиялық және әлеуметтік стандарттарға толық сай келеді. Бұған қоса Қазақстанның климаттық мақсаттарына қол жеткізуге маңызды үлес қосады», – деді Есімханов.

Серіктес жаңалықтары