$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.06.2020, 17:26
Экономика

Доллардың тұрақсыздығы уақытша құбылыс – Меруерт Махмұтова

Бүгін 1 доллар бағамы 397 теңгені құрады

Қазақстан қор биржасында (KASE) түстен кейінгі сауда-саттықта доллардың орташа бағамы 398,63 теңге болды. Бұл 2020 жылғы 3 маусымда сағат 17:00-дегі бағам. Кешегі күннің дәл осы уақытымен салыстырғанда, 3 теңге 44 тиынға (402,79 теңге / $ 1) арзандады.

Скриншот. kase.kz

Ал Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы барреліне 40,13 долларға дейін 1,44% -ға өсті. Соңғы рет Brent маркалы мұнай бағасы 6 наурыз күні 40 доллардан жоғары болған, бұл күні ОПЕК+ келісімі ұзартылмайтыны белгілі болды. Содан соң, қара алтын құны $28 дейін құлдырап кетті

Оқи отырыңыз: 396 теңге: доллар бағамы карантинге дейінгі жағдайға қайтып келді

Белгілі экономист Меруерт Махмұтова ұлттық валютаның тұрақтылығын уақытша құбылыс деп атады. Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне сұқбат берген сарапшы  қазіргі болып жатқан өзгеріске қарап доллар тағы да құлдырай береді деп айтуға болмайтынын түсіндірді. Теңге біршама күшейді. Бұл мұнай нарығының қайта оңала бастағаны мен Ресей рублінің де өз позициясын күшейте түсуіне байланысты өзгерістер. Махмұтова теңгенің долларға қарағанда тұрақтануы қуантатынын, бірақ бұл қысқамерзімді құбылыс екенін айтты.  

«Мұнай баррелінің бағасы 35 АҚШ долларына дейін көтерілді. Енді мына ОПЕК+ келісімдері 1 мамырдан бастап жүзеге аса бастауы доллардың тұрақтануына үлес қосып отыр. Бірақ ұзаққа созылмайды дейтінім, мұнайдың да бағасы осы қалыпта тұратынына ешкімнің көзі жетіп тұрған жоқ. Себебі, Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысына байланысты, Құрама Штаттар жер жүзіндегі ең ірі мұнай өндіруші, ал Қытай ең көп мұнай пайдаланып отырған ел. Сондықтан Трамп Қытайға тағы да санкция саламыз деп мәлімдеп жатыр. АҚШ мұнайының тұтынуына Қытай тарапы шектеу салса, бағаның тағы да құлдырауына әкеледі», - дейді сарапшы.

Бүгінгі валюта саудасына қарағанда, Ресейде де рубль тұрақталды. Содан біздің де теңге күшейіп, біршама тұрақталатыны үйреншікті құбылыс. Сарапшы бұл тенденция алдағы екі-үш күнде сақталатынын айтады.

«Бұл жағдай ұзақ уақытқа созылып, доллардың әлі де арзандайтынына еш негіз жоқ», - дейді Меруерт Махмұтова.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары