Қосылған құн салығы: азық-түлік босатылады, ал банк операцияларына салынады
Ақылы медициналық қызметтерге ҚҚС 10% болады

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қандай қызметтер мен тауарлар қосылған құн салығынан босатылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басып шығару, археология қосылған құн салығын төлеуден босатылады.
«Әлеуметтік салада, денсаулық сақтау саласында Үкімет қосылған құн салығынан босатылған дәрі-дәрмектің әлеуметтік тізімін айқындайды. Қосылған құн салығы тек ақылы медициналық қызметтерге салынады. Қосылған құн салығының мөлшерлемесі 10% болады. Әлеуметтік саладағы корпоративтік табыс салығы 2026 жылдан бастап 5% және 2027 жылдан бастап 10% болады. Ал банк операцияларына қосылған құн салығы салынады. Олардың қымбаттауына жол бермеу үшін Бәсекелестікті қорғау агенттігі Үкіметпен бірлесіп қазіргі бағалардың дұрыстығына талдау жүргізеді», - деді Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысында.
Сонымен қатар, арнаулы салық режимі бойынша рұқсат етілген тізім емес, тыйым салынған тізім енгізіледі. Тыйым салынбағанның бәріне рұқсат етіледі.
Жұманғарин ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін бәрі өзгеріссіз қалатынын атап өтті. Яғни, 70% жеңілдік қалады. Ал өңдеу өнеркәсібіне корпоративтік табыс салығының 20% мөлшерлемесі бойынша салық салынады.