Жамбыл облысының салық комитеті кәсіпкерлерге артық төлем міндеттеп отырған
Прокуратура араласқан соң оншақты кәсіпкердің қаражаты өз қалтасында қалды

Жамбыл облысының Байзақ ауданында мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлерді «табысын аз көрсетті» деп айыптап, артық салық салып отырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстың прокуратурасы хабарлағандай, 2024 жылы мемлекеттік кірістер басқармасы бір жеке кәсіпкердің қызметіне тексеру жүргізіп, оның табысы құжатта көрсеткеннен 9,7 млн теңгеге артық деген шешім шығарған.
«Алайда құжаттарды мұқият зерделеу барысында кәсіпкер тарапынан ешқандай заң бұзу болмағаны анықталды. Айта кету керек, мұндай алдын ала шешімдер қабылдау салық заңнамасында көзделмеген. Осыған ұқсас тағы 7 кәсіпкерге қатысты да заңсыз шешімдер қабылданғаны белгілі болды», - деп хабарлайды облыстық прокуратура.
Прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде бұл міндеттер күшін жойды.
«Заңсыз тексеру жүргізгені үшін Мемлекеттік кірістер басқармасы бөлім басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал басқа кінәлі тұлғалар тәртіптік жазаға тартылды», - деп хабарлайды прокуратура.