Қазақстанға да бір Илон Маск керек: Әшімбаев бюджетті үнемдеуге көшкен Американы мысал етті
Үкімет кірісті молайтып қана қоймай, шығыстарды да азайтуы керек деп санайды спикер
Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Үкімет мүшелеріне тиімсіз шығындарды қысқартуға көшкен АҚШ-тың жаңа саясатын мысал ретінде келтірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазір көбіміз Америкада не болып жатқанын, жаңа әкімшілік қандай шаралар қабылдап жатқанын көріп отырмыз. Олар Илон Маск басқаратын жаңа министрлік құрды. Үкіметтің тиімділігін арттыру жөніндегі министрлік деп аталады. Қазір осы министрлік бюджетті қысқарту мәселесімен айналысып жатыр. Әр мемлекеттік органға талдау жасап, тиімсіз деп санаған дүниелерді алып тастап, бюджетті қысқартып жатыр. Олар қанша ақша үнемдейтінін байқап көрейік. Әрине, бізге ешкімнен ештеңе көшірудің қажеті жоқ. Бірақ шығыстарды тиімді жұмсау мәселесіне біз де назар аударуымыз қажет», - деді Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.
Оның айтуынша, кірісті шығыспен теңестірудің екі жолы бар. Біріншісі, Үкімет ұсынған салық реформасы есебінен табысты молайту, екіншісі – шығыстарды азайту.
«Біздің жағдайымызда баланс нүктесін табу үшін екі тетікті де қолдануымыз керек шығар: азайту және көбейту. Сонымен қатар келешекте тиімсіз шығыстарға жол бермейтін басқа ережелер қабылдауымыз керек шығар», - дейді спикер.