Сарапшы карантинге дейінгі және кейінгі «дімкәс» экономиканың диагнозын атады
Ескірген модель - мұнай, квазисектор, мемлекеттік сатып алу
Пандемия шикізатқа тәуелді, онсыз да құбылмалы қазақ экономикасына қалай әсер етеді? Осы орайда Azattyq Rýhy тілшісі Экономикалық саясат институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы - Қайырбек Арыстанбековпен сұхбаттасты.
ҮКІМЕТ ҮРЕЙГЕ БОЙ АЛДЫРДЫ
- Қайырбек мырза, пандемия кезінде мұнай бағасы қатты құлдырады, екі айға жуық көптеген салалар табыссыз қалды. Мұның салдары қашан байқала бастайды? Үкімет қолға алған шараларға қандай баға бересіз?
- АҚШ-тың Сауда министрлігі жанында экономикалық талдау бюросы бекіткен халықаралық экономикалық стандарттар бар. Сол стандарттардың бірі «дағдарыс» деп аталады. Экономикалық кризистің өзіне тән критерийлері бар. Осы критерийлерге Үкімет айтып жатқан тұжырымдар мүлде сәйкес келмейді. Тіпті қайшы келіп жатыр. Елде немесе бір салада жалпы экономикада қатарынан 6 ай бойы көрсеткіштер төмендейтін болса, сол кезде ғана дағдарыс деп айтуға болады. Сондай жағдайда ғана триллиондап ақша жұмсау керек. Ал, бізде індет басталғанына екі айдан өтті. Экономикалық дағдарыс деп жариялауға әлі 4 ай уақыт бар. Осы уақыт ішінде көрсеткіштер өз орнына келуі де ықтимал. Демек, Қазақстанда экономикалық кризис бар деп айтуға әлі ерте.
КҮЗДЕ ТҰРҒЫН ҮЙ 20 ПАЙЫЗҒА ҚЫМБАТТАЙДЫ
- Дегенмен, барлық саладағы көрсеткіштер күрт төмендеп кетті? Бұған не дейсіз?
- Менің ойымша, Қазақстан экономикасы шок алды. Былайша айтқанда, «кенеттен соққы» болды. Енді осыны таратып айтсам, біріншісі - сыртқы шок. Мұнай бағасының төмендеуімен экспорттық табыстар азайды. Екіншісі - ішкі шок. Мемлекет карантинге байланысты шектеулер енгізді. Бұл бизнестің жұмысын тұралатты. Үшінші шок - ұлттық валютаның құлдырауы. Міне, осындай факторлар экономиканың әр саласына кері әсерін тигізді.
Мәселен, құрылыс саласына тоқталайын. Салаға қатысты өңдеу өнеркәсібі бар. Құрылыс саласы бір бөлек, тағы құрылысқа қатысты жабдықтар, қосымша детальдар бар. Қажетті материалдардың 60 пайызға жуығы өзімізден шығады. Қалған 40 пайызға жуығы импорттың еншісінде. Енді девальвация кезінде осы 40 пайыздық импорт қымбаттайды деген сөз. Осылайша, пәтердің құны да 20 пайызға артады. Мәселен, кейбір кәсіпорындар импорттық тауарларды девальвацияға дейін алып қойса, онда пәтер құны сол күйінде яғни карантинге дейінгі бағамен қалуы тиіс.
- Демек, әзірге халық арзан бағамен пәтер ала ала ма?
- Шыны керек, карантиннен шыққан халықтың пәтер алуға мүмкіндігі жоқ. Табыс азайып кетті. Сәйкесінше, халықтың сатып алу қабілеті төмен. Сондықтан алдағы уақытта пәтерге сұраныс төмендеуі ғажап емес. Оның үстіне, елімізде тұрғын үйді ипотекаға алу пакеті жолға қойылмаған. Тұрғындарға қолжетімсіз. Бұл жерде екі сценарий бар. Егер осы эпидемия осымен аяқталып, жағдай тұрақталып кетсе, 9 айдың көлемінде баға өседі. Сарапшылар коронавирустың екінші толқыны келе жатқанын айтуда. Мұндай жағдайда мемлекет шектеу шараларын қабылдаса, онда күз келісімен тұрғын үй бағасы қымбаттайды.
ОПЕРАТОР ҚАРЖЫНЫ ИГЕРЕ АЛМАДЫ
- Ал «5-10-20» тұрғын үй бағдарламасы нарыққа қалай әсер етеді?
- Бұл бағдарлама соңғы 25 жылда қабылданған ең қолжетімді жоба. Бұған дейінгі бағдарламалар халыққа қолжетімсіз болғандықтан жеңілдетілген бағдарлама ойластырлып отыр. Қолжетімді болса 70 пайыз халық «7-20-25» бағдарламасымен үй алуы керек еді ғой. Меніңше, «5-10-20» бағдарламасын мемлекет тарапынан қаржылай қолдау қажет. Бұл жерде бөлінген қаржыны игеру маңызды. Мәселен, бұған дейінгі бағдарламада қаражат бөлінді. Бірақ операторлар игере алмады. Әрине, бағдарламаны жүзеге асыруда халықтың сұранысы маңызды. Екіншіден құрылыс компанияларының қабілеттілігіне байланысты. Құрылыс саласы индикативтік салаларды өзімен бірге алып жүреді локоматив сияқты.
ҚАЗАҚ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ДИАГНОЗЫ
- Қайырбек мырза, дегенмен, карантин әсерінен тыс, экономиканың бірден «есеңгіреп» қалуы, әлі де аяғынан нық тұрып кетпеуіне не әсер етті?
- Соңғы 10 жылда экономикалық саясаттың сапасы төмендеп кетті. Қазақстан экономикасының дәрменсіз қалыпқа түсуіне 4 фактор әсер етті.
Біріншісі, «Голланд экономикалық ауруы». Мұнайды жаппай өндіргенде экспорттан түсетін валюта шикізаттық емес секторды ығыстырып отырады, сосын қымбаттатып отырады. Ал, билік осындай қымбаттау үдерісі барысында халықтың жалақасын көбейтіп үлгере алмай отыр.
Екіншісі, «Венесуэла экономикалық ауруы». Билік соңғы 7 жылда квазимемлекеттік сектор арқылы жеке кәсіпорындарды мемлекеттендірумен шұғылданып жатыр. Яғни шығынға батқан бірақ, стратегиялық маңызды кәсіпорынды мемлекеттің бюджетіне алып алады. Сосын қайтадан жекешелендіріп жатыр.
Үшіншісі, «Зимбабве экономикалық ауруы». Оның саяси-экономикалық сипаты бар. Экономиканы «Самұрық-Қазына» арқылы бақылау. Ұлттық әл-ауқат қоры арқылы мемлекеттік сатып алу бар. Бақылау институты бар. Бірақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық сенім кеңесі арқылы халықтың пікіріне құлақ асуға әрекет жасауда. Дегенмен ескірген экономикалық модель, экономикалық саясатты жүргізген лауазымды тұлғалар әлі де билікті бақылап отыр. Мәселе сонда.
Төртіншісі, «Қазақ экономикалық ауруы». Шығынға батқан кәсіпорындардың қарызын ел қазынасынан қаржы шығарып сатып алады. 2-3 жыл өткесін қайтадан жекешелендіруге шығарады. Статистикадан мысал келтіретін болсақ, 2013-2014 жылдары 4 кәсіпорынды мемлекетке қайтару үшін Ұлттық қордан 740 млрд теңге алынған. Ол кезде валюта бағамы 180 доллар еді. Ал, соңғы 4 жылда жекешелендіру кезінде 730 кәсіпорын сатылыпты. Сол 738 кәсіпорыннан мемлекеттік бюджетке небәрі 439 млрд теңге қайтқан.
- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.
Сұхбаттасқан - Әсел Тұмашқызы