Отандық автоөндіріске бөлінген қаржы неге Ресей нарығына жұмыс істеп жатыр?
«Азия Авто» соңғы бір жылда мемлекеттен 40,5 млрд теңге қаржы алған
Белгілі блогер Денис Кривошеев KRIVOSHEEV.LIVE сайтында «Азия Авто» — черная дыра весом 106 миллиардов тенге?» деген атпен көлемді мақала жариялады. Қазақстандағы ең ірі автоөндірістік кәсіпорынның айналасындағы дау-дамай туралы сараптамада осы күнге дейін аталған зауытқа бөлінген мемлекетік субсидия мен өзге де қаржылай көмектің көлемі туралы мәселе қозғаған.
«Азия Авто Өскемен» АҚ Қазақстанда 2002 жылы желтоқсан айында құрылған. Алғашқы мемлекеттік қаржылай қолдауды 2003 жылы ала бастаған. Кәсіпорын 2003-2019 жылы қараша айының аралығында республикалық бюджеттен көмек 340 млрд теңге қаражат алған. Зауыт салу үшін 350 га жер телімі берілген. Акционерлік қоғамға мемлекет 2019 жылдың қараша айы мен 2020 жылдың наурыз айы аралығында тағы да 40,5 млрд теңге қаржы берген.
Автомобиль зауытын басқаратын ірі компания Jysan Bank АҚ алдында несиелік қарызын өтемеген. Кәсіпорынның қаржы инситутына 106 млрд теңге берешегі бар. Компания өзге де ірі қаржы мекемелеріне қарыз.
Скриншот. KRIVOSHEEV.LIVE
Жоғарыдағы қаражаттан компания 44 млн АҚШ долларын демалыс аймағын салуға, ал 72 млн АҚШ долларын Ресесй Федерациясынан автокөліктер сататын автосалондар сатып алуға жұмсағаны туралы айтылыпты.
Қазақстандық автомобиль сарапшысы Әрсен Шакуов Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі тілшісіне берген сұқбатында «Азия Авто» компаниясының отандық өндіріске қосып жатқан үлесі туралы пікір білдірді. Оның айтуынша кәсіпорын монополист ретінде автомобиль нарығында әділетсіздікке жол беріп отыр. «Бипэк Авто» («Азия Авто Өскемен» компаниясының еншілес серіктестігі - авт.) Ресейдің қалаларынан автосалондар ашып, Қазақстанда құрастырылмаған көліктерді сатумен айналысады. Автосалондар желісі мен автоөндірісті дамытуға деп бөлінген қаржыға көрші елдің аумағынан банкротқа ұшыраған көлік салондарын сатып алумен айналысқан дейді сарапшы.
«Қазақстан бюджетінен бөлінген дотациялық қаражатқа Ресейден барып автосалондарды сатып алады да, ол жерде Ресейдің көліктерін қойып сатады. Яғни Қазақстан Үкіметі қазақстандық кәсіпкерге отандық автоөндірісті дамыту керек деп қаражат берсе, ол неге Ресейдің автопромына тікелей жұмыс істейді? Сол салондарға Өскеменде жиналған бір көлікті апарып ресейлік тұтынушыға сатып көріп пе? Бұған Үкімет назар аударуы қажет деп ойлаймын»,- дейді маман.
«Бипэк Автоның» Қазақстанда 20 филиалы жұмыс істейді. Ал Ресей аумағында 12 қалада авомобиль салондары қызмет көрсетеді. Барнаул, Кемерово, Новосибирск, Тюмень, Омск сияқты оңтүстік аймақтағы облыс орталықтарында ВАЗ автокөліктерін сатумен айналысады. Бұл туралы компанияның ресми сайтында көрсетілген.
Әрсен Шакуовтың айтуынша Қазақстанда «Тойота Камри» көлігін жоғары бағалайды. Бірақ оның бағасы қымбат. Ал ресейлік LADA-ның құны 2 млн 600 мың теңгеден басталады. Бірақ оны бірден сатып алу да оңай емес. Жарты жыл күтіп, кезекке жазылу керек. Осыған қарамастан тұтынушы солтүстіктегі көршінің көлігін таңдап жатыр. ВАЗ автокөліктері Қазақстанда сатылым жағынан көш бастап келеді.
Ең өтімді автомобилдер нарығын бұрынғыдай Ресейдің автоөндірісі жаулап алған. Lada-ның бағасы салыстырмалы түрде арзан болғандықтан, көп сатылатын көліктер тізімінің көшбасында екені туралы бұрын да жазғанбыз. Одан кейін корей автонарығының мақтанышы Hyundai маркасының 3 094 данасы саудаланған. Ал үштікті Toyota жалғастырады. Оның 2 653 данасы сатылғанымен, былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,7%-ға аз өтіпті.
Ал жеке дара айтатын болсақ, автокөлік моделдері ішінде Lada Granta – 1 628 данасы, Ravon R3 Nexia – 1 354, Kia Rio – 1 205, Toyota Camry – 1 159, Hyundai Tucson – 1 081, ал Lada Vesta – 937 данасы сатылған. Ravon R3 Nexia былтырғы жылдың лидерлері әйгілі Toyota Camry седаны мен кроссовер Hyundai Tucson-ды басып озған.
«Тұтынушы сапасына емес, бағасының арзандығына қызығып, ресейлік автокөлікті жаппай сатып алып жатыр. Бірақ нарықта жеңілдетілген несие бағдарламасымен өзге де модельдер пайда болды. Ол Өзбекстанда құрастырылып келген Шевроле-Дамастың құны 3 млн теңгенің айналасында. Комплектациясы да жақсы. Ал Қазақстан нарқында ең құрығанда осыларға балама болатын марка жасап шығару үшін кем дегенде 10 жыл уақыт керек деп нақты айта аламын», - дейді Әрсен Шакуов.
Ресейлік «Город55» сайтының жазуынша, «Азия Авто Өскемен» компаниясына қарасты «Бипэк Авто Қазақстан» автосалонының қызметіне ресейліктер жиі шағымданады. Омбының машина сататын салондары тізімінде «Азия Авто» АҚ ресми дилері «антирейтинг» тізімінде бірінші орынға шыққан. Кәсіпорынның үстінен 2019 жылы 11 шағым сотқа жолданған. Ақпараттық порталдың мақаласында акционерлік қоғамға иелік ететін Анатолий Балюшкинді Омбы облысының арбритаждық соты жауапкер ретінде сотқа тартып, Таврия аудандық әкімшілігіне жеткізілген LADA VESTA көліктері бойынша жауапсыз компаниялар тізіміне енгізген. Қазақстанда тіркелген компанияның Омбыдағы диллерлік орталығы ақырында автокөліктерді кері қайтарып алған. Одан тыс, осы аймақта ондаған тұтынушы сот арқылы қазақстандық компанияның қызметіне шағымданып, қаражаттарын кері алғаны туралы жазылады.
«Соңғы жылдары тұтынушы өз құқығын талап етуді үйрене бастады. Құқығын заң аясында немесе сот арқылы шешуге деген тенденция біздің елде де байқалады. Бұл өте жақсы. «Азия Авто» сияқты әлеуметтік жауапкершілігі өте төмен компаниялар осыдан 5 жыл бұрын мұндай шағымдарға «қолын бір сілтейтін», назар да аудармайтын. Себебі, нарықта монополист еді. Мысалы, кепілдік қызмет көрсетуді басында тегін деп, кейін бұзылып келген көліктерді ақшаға жөндеп беретін жағдайлар бойынша тұтынушылар көп шағымданатын. Бәсекелестік болмаған соң, тұтынушыларға атүсті қарап келеді. Бұл үрдіс әлі де тоқтаған жоқ. Себебі, халық бұл компанияның сататын автомобильдерін таласып алады. Клиенттің ешқайда кетпейтінін олар да біліп алған», - дейді автомобиль сарапшысы Әрсен Шакуов.
Коронавирус пен АҚШ ақшасының қымбаттауы Қазақстан автомобиль нарығына да кесірін тигізеді. Отандық деп аталатын, елімізде құрастырылатын автокөліктердің бағасын еріксіз қымбаттатады. Қаржылық шығындар өндірушілер ғана емес, ресми дилерлерге де оңай тимейді. Бұл пікірді Тәуелсіз автобизнес одағының басқама мүшесі Мақсат Мейірманов айтқан болатын. Ол карантин аяқталған соң автокөлік құны кем дегенде 20 пайызға қымбаттайды. Төтенше жағдайдың әсерінен емес, АҚШ долларының қымбаттауынан соң, мамандар бұл қымбатшылықтың болатынын күтіп отыр. Сондықтан шетел валютасына байланған барлық өндіріс ошақтары мен дилерлік орталықтар бағандағы бағаларын ауыстыруға мәжбүр.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы