Ұлттық банк доллар бағамына болжам жасау үшін Трамптың алғашқы жарлықтарын күтуге кеңес берді
Қазір доллар бағамы – 515-520 теңге, дейді Сүлейменов
Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов жаңа жылдан кейін доллар арзандай ма, әлде қымбаттай ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сүлейменов қазір теңгенің долларға қатысты бағамы реттелгенін атап өтті, 515-520 теңге шамасында.
«Бұл теңгенің долларға деген жаңа деңгейі. Осы цифрдың аралығында болатын сияқты», - дейді Ұлттық банк төрағасы Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, жаңа жылдан кейін доллар бағамы қанша болатыны Дональд Трамптың АҚШ президенті қызметіне кіріскеннен кейін шығаратын жарлықтарына байланысты болады.
«Трамп мырза жақында офисіне кіретінін білесіздер. Қаңтар айында алғашқы жарлықтары қандай болады, жалпы әлемге, энергетикалық нарыққа, қаржы нарығына қалай әсер ететіні әлі белгісіз. Соны көрейік. Содан кейін ғана болжам, жоспар жасаймыз», - деді Сүлейменов.
Егер жаңа жылдан кейін доллар тағы қымбаттаса, Ұлттық банк интервенция жасауға дайын.
«Егер нарықтық емес, фундаменталдық емес құбылмалылық болса, әрине, интервенция жасаймыз. Бізде ресурс, қаражат бар. Қазір Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері рекордтық деңгейде, 44 миллиардтан астам алтын-валюта резервіміз бар. Сондықтан қажет болған жағдайда нарықты реттейміз», - деп сендірді Ұлттық банк төрағасы.