$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.05.2020, 15:28
Экономика

«Айлық қысқарды, 249 адам жұмыстан кетті» – «ҚазМұнайГазда» дағдарыс

Басшылық құрамның жалақысы 30%-ға азаяды

«Айлық қысқарды, 249 адам жұмыстан кетті» – «ҚазМұнайГазда» дағдарыс

«ҚазМұнайГаз» компаниясы коронавирус пандемиясы әсерінен дағдарысқа ұшырап, көптеген қызметкерлерін жұмыстан шығаруға мәжбүр болды. Басшылық қызметтегі азаматтардың жалақысы қысқарды. Бұл туралы ұйымның адами ресурстарды басқару жөніндегі директоры Дәулетжан Хасанов айтты.

«Коронавирустық пандемияға байланысты мұнай өнімдеріне сұраныстың төмендеуі «ҚазМұнайГаз»-дың қаржылық жағдайына теріс әсер етіп отыр. Бұған дейін хабарлағанымыздай, бірінші тоқсанда компания табысы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 есеге қысқарды. Әлемдік нарықта мұнай бағасының күрт құлдырауы салдарынан кейбір біздің еншілес кәсіпорындарымызда қаржы тапшылығы отыр»,- деді Дәулетжан Хасанов.

Оқи отырыңыз: Пандемия кесірі: «ҚазМұнайГаздың» табысы 3 есеге азайып кетті

Осыған байланысты компанияда дағдарысқа қарсы стратегия дайындалып, жаңа құрылым бекітілген.

«Орталық аппараттық штаттың саны 34%-ға, яғни 729-дан 480-ге дейін қысқарды. Сонымен қатар орталық аппараттағы департаменттердің саны 3 есеге қысқарды. Басқарушы директорлар лауазымы жойылды. Осылайша компанияның орталық аппараты нарықта болып жатқан өзгерістерге тез және тиімді жауап бере алатындай болып қайта құрылады», - деді бұл туралы Д.Хасанов.

12 мамырда орталық аппараттың жаңа жалақы төлеу жүйесі бекітілген.

«Басшылық құрамның жалақысы 30%-ға азаяды. Басшылық қызметтер санының қысқаруына байланысты төменгі лауазымға тағайындалатын орта буындағы менеджерлер жалақылары 20%-ға дейін төмендейді. Басқа қатардағы қызметкерлер жалақысы бұрынғы деңгейде сақталады. Біз сыяқыдан бас тарттық. Жылдың соңына дейін ешқандай сыяқы немесе бонустар төленбейді», - деді ол. 

Бонустар мен сыйақы берілмегендіктен басшылардың жалпы табысы кем дегенде 50%-ға азаймақ. Жұмыстан шыққандарға  «Қазмұнайгаз» біраз уақыт әлеуметтік көмектер көрсетіп тұрмақ. Ал компаниядағы шетелден келген  директорлар кеңесінің 6 мүшесінің бонустары азая ма деген сұраққа Д.Хасанов нақты жауап бермеді.

«Бұл біздің құзырымыздағы шаруа емес. Ол акционерлерімізге, акционерлеріміз бен директорлар кеңесі арасындағы қатынасқа байланысты», - деді ол бұл туралы.

Осыған дейін БАҚ-та шетелдік директорлар кеңесінің мүшелері жылына 200-300 мың АҚШ долларына дейін айлық алатыны жазылды.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары