Доллар 500 теңгеден аспайды деп уәде бере алмаймын – Сүлейменов
Теңге бағамы экономикаға байланысты дейді, ол
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңгенің долларға шаққандағы бағамы соңғы күндері неге құбылып тұрғанын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сүлейменов доллардың қымбаттауына әсер еткен бірнеше факторды атады.
«Бірінші фактор – доллардың басқа валюталарға қатысты күшеюі. Бізде доллар индексі деген бар. Осы индекс соңғы күндері басқа валюталарға қатысты 2,1 пайызға нығайды. Яғни тек қана теңгеге емес, фунт, еуро, иенге қатысты да. Екінші фактор – экономика, квазимемлекеттік сектор ұйымдары тарапынан қосымша сұраныстың артуы. Қазір көптеген компаниялар инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып жатыр. Өкінішке қарай, олар көптеген жабдықты, шикізатты, технологияларды шетелден импорттауға мәжбүр. Ал импорт жасауға, әрине, доллар керек. Долларды қайдан аласың? Нарыққа шығып, мен үшін доллар сатып алшы деп банкке тапсырыс бересің. Сұраныс осы себептен де артып жатыр. Үшінші себеп – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына валюта сатып алуымыз. Біз оны 40% деңгейіне жеткізіп, валюта сатып алуды тоқтаттық. Жыл соңына дейін осы пайыз деңгейінде қалады»,- деп түсіндірді Сүлейменов брифингте.
Сондай-ақ ол үкімет Ұлттық қордан қосымша трансферт сұрағанын атап өтті.
«Осы айда біз Ұлттық қордан бюджет үшін рекордтық 1,3-1,4 млрд доллар сатамыз. Бұл нарықта ұсынысты арттыратын құбылыс, сондықтан доллар жеткілікті болады. Соның әсерінен қазір байқалып отырған құбылмалылық тежеледі, баяулайды. Біз үшін ешқандай проблема болмайды. Иә, дәл қазір бағам құбылып тұр. Бірақ жалпы фундаменталдық және нарықтық факторлар жағынан уайымдайтын, алаңдайтын негіз жоқ», - дейді Сүлейменов.
Осы орайда журналистер «бір доллар 500 теңгеден аспайды деп уәде бере аласыз ба?» деп сұрады.
«Мен ондай уәде бере алмаймын, әрине, өйткені ол экономикаға байланысты. Бірақ фундаменталдық және нарықтық факторларды (доллардың қымбаттауына – ред.) біз қазір байқап отырған жоқпыз», - деп түйіндеді сөзін Ұлттық банк төрағасы.