Ұлттық банк басшысы жиған-терген ақшасын қай валютада сақтайтынын айтты
Теңгедегі депозиттердің пайызы жоғары, дейді Сүлейменов
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ақшасының көп бөлігін теңгеде сақтайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол қазір елімізде соңғы 27 жылда долларландыру ең төмен деңгейде екенін атап өтті.
«Адамдар теңге айтарлықтай тұрақты, теңгедегі депозиттердің пайызы жоғары екенін түсінеді. Статистика халықтың көбі өз жинағын теңгеде сақтайтынын көрсетіп отыр, теңгедегі депозитердің пайыздық үлесі өскен. Мен өзім ақшамның 15 пайызын шетелдік валютада, ал қалғанын теңгеде сақтаймын. Неге 15% дейтін шығарсыз? Себебі маған жұмыс бабымен іссапарға шығуға, кейде бізде жоқ затты шетелден тапсырыс беріп алдыртуға тура келеді. Бірақ депозиттерімнің басым бөлігі теңгеде тұр»,- деді Сүлейменов Ұлттық банкте өткен брифингте.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, тамыздағы ақпарат бойынша жеке тұлғалардың депозиттерінде 20 трлн 387 млрд теңге жиналған. Оның 16,4 триллионы теңгемен сақтаулы.