Мемлекет саудамен айналысатын жеке кәсіпкерлер үшін 4 млрд теңге бөліп, қолдау көрсеткелі жатыр

Сауда ойын-сауық орталықтары бағдарламаға қатыса алмайды

Мемлекет саудамен айналысатын жеке кәсіпкерлер үшін 4 млрд теңге бөліп, қолдау көрсеткелі жатыр
Фото: © istockphoto.com

Қазақстанда ішкі саудадағы жеке кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көмек көрсету үшін республикалық бюджеттен 2024 жылға 4 миллиард теңге бөлінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекеттік қолдау шаралары осы қазан айынан бастап беріле бастайды.

«Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен ішкі саудадағы жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету үшін республикалық бюджеттен 2024 жылға 4 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды», - деп мәлімдеді СИМ Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков.

Сауда және интеграция министрлігінің ақпаратынша, мемлекеттік қолдау шаралары екі тәсіл арқылы жүзеге асады. Бірінші – несие мөлшерлемесін субсидиялау, екіншісі – несиеге кепіл болу. Мемлекеттік қолдау сауда базарларын жаңғырту, сауда объектілерін салу, кеңейту, жөндеу, үй жанынан дүкен ашу және осы салада IT бағдарламалар жасау үшін беріледі.

«Бұл бағдарламаға еліміздегі 3 мегаполис –  Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы сауда субъектілері және елдегі ойын-сауық орталықтары қатыса алмайды», - деп ескертті ведомство.

Сондай-ақ бағдарлама шарты бойынша облыс орталықтарында жоба бастайтын жеке кәсіпкерге берілетін максималды сома – 3 млрд теңге. Ал жобаны моноқалаларда немесе ауылдық елді мекендерде жүзеге асыратындар үшін 1,5 млрд теңгеден аспайды. Инвестициялық мақсаттарға арналған жобаларды субсидиялау мерзімі – 5 жылға дейін, айналым қаражатын толықтыру үшін субсидиялау мерзімі 3 жылға дейінгі мерзімді құрайды.

Несиеге кепіл жетпеген жағдайда ішкі сауда нысандары осы бағдарламаның «несиеге кепіл болу» тетігін қолдана алады. Жұмыс істеп тұрған субъектілер үшін кепіл – 50 пайызға дейін, жұмысын енді бастаған, құрылғанына үш жыл толмаған нысандар үшін кредит сомасының 85%-ына дейін болады. Мемлекеттік қолдау шаралары «Даму» қоры арқылы ұсынылады.

Сондай-ақ мемлекеттен көмек алған жеке кәсіпкерлерге де талаптар қойылады. Дәлірек айтқанда, ішкі сауда субъектісі сауда сөресінің белгілі бір пайызын отандық өндірушілерге беруі керек.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.