Бюджеттің неше пайызын жұмысшылар салығы құрап отыр
Жұмысшылардың жалақысынан алынатын салық мемлекеттік бюджеттің 9% құрап отыр

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан жеке табыс салығын есептеуде жалпақ шкаладан прогресивті шкалаға ауысуы мүмкін. Бұл мәселе қазір арнайы құрылған топтың арасында талқыланып жатыр. Осы ретте Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Тәкиев жалпақ шкала бойынша қазақстандықтардың жеке табыс салығы бюджетке қандай түсім жасап отырғанын мәлім етті.
«Қазіргі заманда жеке табыс салығы салықтың маңызды бір түрі болып саналады. Әсіресе, жергілікті бюджеттің 34% осы жеке табыс салығы қамтып отыр, мемлекеттік бюджеттегі үлесі 9% шамасында. 2007 жылға дейін Қаpақстанда осы салықтың прогресивті шкаласы қолданылған. Ал, 2007 жылдан бері жалпақ шкалаға ауыстық», - дейді ол.
Оқи отырыңыз: 80 мың теңгеден аз айлық алатындарға жеке табыс салығы 0% болуы мүмкін – Президент кеңесшісі
Вице-министрдің мәліметіне сүйенсек, қазір әлем бойынша жалпақ шкала қолданатын 29 ел бар.
«Қалған елдер, соның ішінде, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының елдері прогресивті шкаланы пайдаланады», - дейді ол.
Осы мәселеге қатысты жеке пікірін білдірген ол прогресивті шкалада жалақысы төмен адамдардың жеке табыс салығы да аз болатындықтан, бұл тәсіл адамдардың шын мәніндегі жалақысын көлеңкеден шығарады деген болжамын айтты.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан