Табыс салығының жаңа шкаласына қатысты ресми мәлімдеме жасалды
Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Тәкиев бұл мәселе енді қаралып жатқанын айтты
Айта кетейік, кеше әлеуметтік желіге қазақстандықтардың жеке табыс салығына қатысты кестенің суреті тарап кеткен. Кестенің негізгі мәні – жалақысы 60 мың теңгеге жетпейтін адамдар 0% салық, 60 000-200 000 теңге аралығында жалақы алатындар 15%, 200 000-300 000 теңге жалақысы барлар 17%, 300 000 теңгеден артық жалақы алатындар жеке табыс салығын 20% мөлшерде төлейді деген ақпаратта болды.
Бірақ, бұған дейін хабарланғандай, бұл кесте бұрын талқыланып, қабылданбай қалған құжат болып шыққан. Бірақ, жеке табыс салығының мөлшері өзгеретіні ресми түрле расталды. Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Тәкиев арнайы жұмыс тобы қорытынды шығарған соң, жаңа ақпарат таратамыз дейді.
«Табыс салығының шкаласы бойынша нақты шешім әлі белгісіз. Қазір ұлттық экономика министрлігінің жанынан жұмыс тобы құрылып жатыр. Ол жұмыс тобына мемлекеттік органдар (өкілдері -авт), парламент депутаттар мен қоғам қайраткерлері қатысады. Жұмыс тобы өз жұмысын енді ғана бастап жатыр, сондықтан бүгін ставка бойынша немесе мөлшері бойынша нақты шешім шыққан жоқ. Барлық сұрақтар бойынша толық ақпаратты жұмыс тобы аяқталғаннан соң береміз», - деді вице-министр.
Azattyq Ruhy бүгін осы мәселеге қатысты Президенттің кеңесшісі Олжас Құдайбергеновтің пікірін жазған болатын.