$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Банктер мен кредиттерге қатысты тағы бір өзгеріс пайда болды

Банктер барлық ставка, тарифтер мен комиссиялардың толық тізімін жариялауға міндеттеледі

Банктер мен кредиттерге қатысты тағы бір өзгеріс пайда болды
Фото: © istockphoto.com

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне банк және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулы жобасын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланған.

Қаулы жобасына сәйкес, банктер өз филиалдарында және ресми сайттарында төлемдер мен ақша аударымдары бойынша тарифтер туралы да ашық ақпарат беруге міндеттеледі. Қазір олар банк қызметтері үшін алынатын тарифтер мен ставкалар туралы ақпаратты ғана көрсетіп жүр.

«Төлем қызметтері нарығындағы бәсекелестікті күшейту және қолма-қол ақшасыз төлемдерді пайдаланудың артықшылығы туралы ақпаратты белсенді тарату үшін банктердің бизнес пен халық үшін қолма-қол ақшасыз төлем қызметтері бойынша комиссиялардың, ставкалар мен тарифтердің толық тізбесін жариялауы жөніндегі талапты бекіту ұсынылады», -  деп түсіндірді агенттік.

Сонымен қатар, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген қазақстандықтарға 2710 АЕК-тен (шамамен 10 млн теңге) асатын несие алу үшін жұбайының келісімі қажет болады. Бұдан басқа қаржы ұйымы қарызды өтеу үшін өзге де кіріс көздерінің немесе кепілгерлердің бар-жоғын; несие берешегін, оның ішінде басқа кредиторлар алдындағы берешегін; борыш жүктемесін; кредит тарихын; банктің скорингтік жүйелеріндегі қарыз алушының рейтингін; өзге де берешектің бар-жоғын; банк шоттарындағы қалдықтар мен операцияларды; ақшаны мақсатты пайдалану туралы ақпаратты тексеріп, қарыз алушының кредит қабілеттілігіне талдау жасайды.

Бұдан бөлек онлайн микрокредит алған кезде жеке кәсіпкерлерден электронды цифрлық қолтаңба талап етілмейді.

Қаулы жобасы төртінші қазанға дейін қоғам талқысына шығарылды. 

Серіктес жаңалықтары