Ұлттық қордан 5,2 трлн теңгеден бөлек тағы ақша алына ма – Сүлейменов жауап берді

Үкімет 2025 жылға Ұлттық қордан 5,2 трлн теңге сұрап отыр

Ұлттық қордан 5,2 трлн теңгеден бөлек тағы ақша алына ма – Сүлейменов жауап берді
Фото: © istockphoto.com

Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов келесі жылы Ұлттық қордан 5,2 триллион теңгеден артық ақша алынбайды деп үміттенеді. Бұл туралы журналистерге арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

БАҚ өкілдері 2025 жылы Ұлттық қордан алынатын трансферттер тағы ұлғаюы мүмкін бе деп сұрады.

«Үкімет 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасын бекіткенін білесіздер. Қателеспесем ол жерде үкімет 5,2 трлн теңге трансферт сұратып отыр. Бізде бюджет, нысаналы трансферттер және кепілдендірілген трансферттер бар. Кепілдендірілген трансферттер бөлек заңмен белгіленеді. Сол себепті үкімет бұл сомадан артық ақша сұрайды деп ойламаймын. Мен бюджеттің өз табысы, яғни республикалық бюджетке тікелей түсетін салықтар, плюс 5,2 трлн теңге трансферт үкіметтің бюджеттік бастамаларын толыққанды жүзеге асыруға жетеді деп қатты үміттенемін. Біз өз талдауымызда 5,2 трлн теңгені соңғы цифр ретінде бекіттік. Сондықтан қазынашылық тәртіп өте қатаң болады және 2025 жылы басқа трансферт қажет болмайды деп үміттенемін», - дейді Сүлейменов.

Айта кетері, үкімет келесі жылы Ұлттық қордан 2 трлн теңге кепілдендірілген трансферт тартуды жоспарлап отыр. Қалғаны нысаналы трансферттер ретінде бөлінеді. Осылайша Ұлттық қордан 5,2 трлн теңге алынбақ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.