Жыл соңына дейін теңге бағамы қалай өзгереді
Валюта бағамы ұсыныс пен сұранысқа байланысты
Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов жыл соңына дейін теңге бағамы бойынша болжам қандай болады деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық банкте өткен баспасөз мәслихатында журналистер Сүлейменовтен теңге бағамы осы жылдың соңына дейін қалай өзгеретінін сұрады.
«Біз теңге бойынша болжам бере алмаймыз. Себебі бағам нарықтағы сұраныс пен ұсыныстан туындайды. Теңгенің еркін айырбас бағамы жағдайында бұл мүмкін емес», - дейді Сүлейменов.
Бірақ ол мемлекеттік басқару жүйесінің бөлігі саналатын ресми құжатқа назар аударды. Атап айтқанда, бұл - әлеуметтік экономикалық даму болжамы және бюджет туралы заң.
«Ол жерде 2024 жылға теңгенің орташа жылдық бағамы бір долларға шаққанда 460 теңге деп бекітілген. Біз жылдың бірінші жартысында бағам 440-қа дейін төмендегенін көрдік. Ал қазір 480 теңгеге дейін өсті, яғни бес пайызға жоғары көтерілді. 460 теңге деп бекіткен орташа жылдық бағаммен шығатын сияқтымыз. Бұл көбіне нарықтағы жағдайлармен, валютаға сұраныс пен ұсыныс қаншалықты жоғары болады және Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің көлеміне байланысты болады», - деді Ұлттық банк төрағасы.