$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Көктемде су басқан Құлсарыда баспана бағасы екі есе қымбаттап кеткен

Қала тұрғындарына үкімет тиісті өтемақыларын берген 

Көктемде су басқан Құлсарыда баспана бағасы екі есе қымбаттап кеткен
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Құлсары қаласының тұрғындарына жаңа баспана алу үшін және бүлінген үйлерді жөндеуге 48 млрд теңгеден астам қаражат төленді. Халық арасында әлі де өтемақы алмағандары бар. Сондықтан бағалау жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Осы ретте, құлсарылықтардың өзіне хабарласып, бөлінген қаражатқа қандай баспана алғанын сұраған едік. 

Құлсары қаласында тұратын Айша есімді келіншектің айтуынша, көктемгі су тасқыны кезінде бір аулада екі бірдей үйі суға кеткен. Бірі құлап, екіншісі жартылай қираған.

«Қазір жөндеуге келетін үйдің ремонты жасалып жатыр. Ал жөндеуге жарамсыз үйдің орнына қаражат берген болатын. Оны алайық десек, соңғы уақытта Құлсары қаласында үйдің бағасы күрт өсіп кетті. Енді бағаның түскенін күтіп отырмыз. Мемлекеттен бөлген қаражатқа көңіліміз толады. Ешкімге өкпеміз жоқ. Бірақ, үй бағасының күрт өсіп кеткеніне алаңдап отырмыз», - дейді қала тұрғыны.

Оның айтуынша, былтыр 20 млн теңге тұрататын үйлер қазір 35, 40 млн теңгеге шарықтап кеткен. Бұл баға қайталама нарықтағы үйлерге қатысты.

Шырын есімді тағы бір тұрғын комиссия шешімі бойынша берілген қаражатқа әлі үй іздеп жүргенін айтады.

«Иә, расында үйдің бағасы қымбат. Дегенмен, болашақта бізге беріген қаражатқа келетін баспана табылып қалар деп үміттеніп отырмыз», - дейді ол.

Илана есімді тағы бір азаматша үй бағасымен қатар құрылыс материалдарының құны да шарықтап кеткенін айтады.

«Көктемде суға кеткен үйімді 2015 жылы салып бастап, 2020 жылы кірдік. Жалпы алғанда 170 шаршы метрлік жаңа үй еді. Ай сайын айлығымызды жинап салған баспанамыз болатын. Енді сол үшін алған қаражатқа қайтадан сондай үй ала алмай отырмыз», - дейді ол.

Оның айтуынша, қала тұрғындары жаппай үй ала бастаған кезде құрылыс материалдарының бағасы шарықтап шыға келген.

«Ал үй сатып алайын десем, Құлсарыдағы жылы ескі, құлайын деп тұрған үйлердің бағасы кем дегенде 33 млн теңге болып отыр. Әкімдікке үйдің қаражаты бойынша бір рет қана өтініш бердім. Сол кезде шыққан қаражат 30 млн теңге болып отыр. Оған да шүкір. Көршілерім жүгіріп жүріп, 3 рет өтініш беріп 50 млн теңгеге дейін алған. Құлсарыдағы үйдің бағасы күрт қымбаттап кететінін қайдан білейін. Маған әкімдік берген сомаға жөні түзі баспана келмейді. Су тасқыны болмағанда, өзіміздің салған сапалы үйімізде тұратын едік», - дейді ол. 

Оның айтуынша, қазір үйі суға кеткен құлсарылықтардың көбінің барар жері жоқ. Жалдайтын пәтер іздеп жүргендер көп.

«Тіпті, қайын атасы мен апасы, бала-шағасы барлар бір бөлмелі пәтер іздеп жүр. Олардың бәрі бір бөлмеді пәтерде қалай тұрмақ? Маған көбі «үйдің бағасы түсіп қалар күте тұрыңдар» деп айтады. Бірақ әне-міне дегенше қыс түседі. Ол кезде баға тіптен қымбаттап кетуі мүмкін», - дейді қала тұрғыны.

Оның айтуынша, қазір 4 баламен екі бөлмелі пәтер жалдап тұрып жатыр. Жақын маңайда туған-туыстары болғанымен біреудің үйіне барып тұру ыңғайсыздық тудырады. Дәл қазір баспана мәселесінің басы толық шешілмеген Илана шарасыз күйде қалып отыр.

Құлсары қаласы, 2024 жылдың көктемі

Серік Асанғали есімді қала тұрғыны Құлсары кентіндегі тұрғын үй бағасының күрт қымбаттап кетуіне шетелдік импорттың әсері бар дейді.

«Баспана бағасы қазір әр облыста әртүрлі. Басқа өңірлер батыс халқы бай деп ойлайды. Бірақ оның жерінің астынан шығып жатқан байлығы халықтың тұрмысына әсер етіп жатқан жоқ. Ал құрылыс материалының қымбат болуына шикізаттың Ресейден келуі себеп болып отыр. Қарап отырсақ, бізге келетін құрылыс материалдарының 70 пайызы шетелден тасымалданады екен. Ортадағы алып-сатарлардың қосары бар және сырттан келген тауарға салық бар түптеп келгенде баға шарықтап шыға келетіні сол. Бұл үдеріс жыл сайын қайталанады. Баға бір орнында тұрмайды. Қымбаттағанның үстіне қымбаттай береді», - дейді қала тұрғыны.

Оның айтуынша, көктемгі су тасқыны кезінде Құлсары қаласының 60 пайызы суға кеткен. 2017 жылы жер кезегінде тұрғандарға Құлсарыға кіреберісте Атырау шағын ауданынан участік берілген. Халық несие алып, шығынға батып, сол жерден жаңа үй салады. Енді қоныстанып болған кезде бір күннің ішінде жаңадан салған баспана жаппай суға кетеді. Қаншама адамның несиесі сол күйі төленбей мойнында тұр.

Облыс әкімдігінің ресми мәліметі бойынша Құлсарыдағы 100 үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазір 75 үйдің ірге тасы құйылды. 51 үйдің тасы қаланды. 5 үйдің төбесі жабыла бастады. Құрылысқа жергілікті 8 мердігер мекеме тартылған. Аталған тұрғын үйлер қыркүйекте пайдалануға беріліп бастайды деп жоспарланып отыр.

Айта кетерлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Ахуалдық орталығының мәліметі бойынша, Атырау облысында 2 674 нысанға техникалық тексеру жүргізілді, оның нәтижелері бойынша 100 үй салу, 1 376 үй сатып алу, 1 198 үйді жөндеу туралы шешім шыққан болатын.

Жанат Ерболған

Серіктес жаңалықтары