Жаз бойы ән салады: Ұлттық компания EXPO аумағындағы қазақ әншілерінің концертіне 63 млн теңге төлейді
Жаз бойы EXPO аумағында бас-аяғы 36 концерт өтпек

«QazExpoCongress» ұлттық компаниясы биыл маусым айынан қыркүйек айына дейін EXPO аумағында қазақ эстрада жұлдыздарының қатысумен 36 концерт өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаз мезгілінде өтетін 36 концентке 63 млн теңгеге жоспарланған. Алаңда Қайрат Баекенов, Дастан Оразбеков, Мәди Қадыров, Маржан Арапбаева, Мирас Жүгінісов, 101 тобы және тағы да басқа танымал әртістер өнер көрсетеді екен.
Ал былтыр Дастан Оразбеков, Құрмаш Маханов, Маржан Арапбаева, Айқын және басқа да әртістердің қатысуымен 80 млн теңгеге 39 концерт өткен болатын.
«Аталған сомаларға әртістердің гонорарынан бөлек, сахналық жабдықты монтаждау, бөлшектеу және техникалық қызмет көрсету жұмыстары, сондай-ақ әртістердің техникалық және тұрмыстық райдері кіреді. Концерттер тегін өтетінін атап өткен жөн. «QazExpoCongress» ҰК» АҚ EXPO іскерлік кешенінің басқарушы компаниясы ретінде халықтың жайлы демалуына және уақытын қызықты өткізуіне көп көңіл бөледі. Мұнда әр түрлі мәдени және спорттық іс-шаралар, шеберлік кластары, жәрмеңкелер, тақырыптық фотокөрмелер және тағы басқа да іс-шаралар үнемі өтіп тұрады», - делінген ұлттық компанияның берген ресми жауабында.
Елордадағы маңызды іс-шаралардың барлығы дерлік EXPO іскерлік кешенінің аумағы өтетін болған. Мысалы, жаңажылдық мерекелер, Наурыз мейрамы, Ұлттық домбыра күні және т. б. Биыл Астана күні дәл осы EXPO аумағында аталып өтілген болатын.
Ұлттық компанияның ресми жауабында хабарланғандай, 2023 жылдан бастап «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы өзін-өзі қамтамасыз етуге көшіп, республикалық бюджеттен қаржы алмайтын болған.
Ұлттық компания деген аты бар «QazExpoCongress» сонда тек ойын-сауық ұйымдастыру үшін құрылған ба деген сауалымызға компания өз уәжен айтып отыр.
«Мұнда идеяларды жүзеге асыруға және ең батыл жобаларды іске асыру үшін бірегей мүмкіндіктер жасалған. Бүгінде EXPO алаңы экономиканың, ғылымның, білімнің, мәдениеттің және жаңа технологиялардың дамуына зор үлес қосатын іскерлік, зияткерлік және шығармашылық белсенділіктің аумағы», - деп жауап берген компанияның баспасөз қызметі.
Әншілерге жыл сайын миллиондап ақша жұмсайтын ұлттық компания мемлекеттік қазынадан қаражат алмайтын болса, онда қалай табыс тауып отыр деген сұрақтың туындауы заңды. «QazExpoCongress» Ұлттық компаниясының ресми сайтында ұйымның атқаратын қызметі ретінде «Коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беру, қызметтерді коммерциализациялау» деп жазылған.
Белгілі болғандай, QazExpoCongress "ҰК "АҚ 2015-2024 жылдарға арналған Даму стратегиясында негізгі жалға алушылар ретінде: «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Astana Hub, IT-университеті және «жасыл» технологияларды дамытуға арналған ұйым кіріп отыр.
Сонымен қатар, «QazExpoCongress» Ұлттық компания Expo аумағындағы 3 қабат пен 3 блоктан тұратын бизнес орталықты шаршы метрі үшін 9000 теңгеге жалға беріп отыр. Ал конгресс орталығын тәулігіне 2 200 000 теңге, конференц-залды жалға алу құны – тәулігіне 1 000 000 теңге, «EXPO» халықаралық көрме орталығының бір ғана залын тәулігіне 1 200 теңгеге (1 шаршы метрі үшін) Болашақ энергия мұражай дәрісханасын жалға беріп отыр.
Айта кетерлігі, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындауға бес жыл ішінде Қазақстан бюджетінен 565 миллиард теңге ақша жұмсалған болатын.
Жанат Ерболған