Араб инвесторы Астана әуежайындағы ұшып-қону жолағын өз қаражатына жөндеп жатыр
Қазір Астана әуежайындағы жөндеуге байланысты рейстер жиі кешігеді
Араб инвесторы Астана әуежайындағы жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтайды. Бұл туралы бүгін Сенат кулуарында көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өздеріңіз білетіндей, Астана әуежайына жекеменшік инвестор келген, ол - Аbu Dhabi Ports. Бұл компанияның әлем бойынша шамамен 15 әуежайы бар, халықаралық тәжірибесі көп. Осы компания келген соң Астана әуежайына техникалық және қаржылық аудит жасалды. Содан кейін, әуежайдың ұшып-қону жолақтарын жөндеу керек деген шешім шықты. Сондықтан, жеке инвестор өз қаражатына жөндеу жүргізіп жатыр. Жақын арада әуежай қалыпты режимде жұмыс істей бастайды», - деді Қалиақпаров.
Оның айтуынша, жаз маусымында демалысқа ұшатын адамдар қатары көбейеді, тиісінше, инвестор мен көлік министрлігі де жөндеудң тез аяқталуына мүдделі.
«Қазір демалыс уақыты болғандықтан, министрлік мәселені назарда ұстайды, жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталады», - деді ол.