Алатауда «чипсы» зауытын салатын АҚШ инвесторы қазақстандықтарды жұмыспен қамтуға міндеттелмейді
Америкалық PepsiСo компаниясы жаңа зауытқа 160 млн доллар инвестиция салып, 2026 жылы 16 мың тонна, одан кейін 21 мың тоннаға дейін өнім шығармақ
Осы күзде Алатау қаласының маңында «чипсы» шығаратын зауыттың құрылысы басталады. Azattyq Rýhy тілшісі АҚШ инвесторы осы зауыт арқылы Қазақстаннан салық немесе жер теліміне қатысты жеңілдік ала ала ма деген мәселені зерделеп көрді.
РЕСЕЙДЕН КЕТІП, ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛДІ
Америкалық PepsiCo 2022 жылы Ресейдегі зауытына инвестиция құюды біржола тоқтатты. Тіпті, украиналық босқындарға гуманитарлық көмекке 4 миллион доллар жіберетіні туралы мәлімдеме жасағаны есімізде. Америкалық компания Ресейдегі нарықтан шыққаннан кейін Қазақстанға зауыт салу туралы шешім қабылдайды. Осы айда үкімет басшысы Олжас Бектенов Орталық Азия елдеріндегі PepsiСo корпорациясының президенті Давид Манзинимен кездесу өткізеді. Сөйтіп, аталған компания зауытты Алатау қаласының маңында салу туралы келісімге келеді. «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясының Агроөнеркәсіптік кешен, өңдеуші өнеркәсіп бойынша жобалар жетекшісі Айнұр Жұманбаеваның айтуынша, дәл қазір PepsiСo салатын зауыт жобаға дайындық сатысында.
«Егер компания инвестициялық келісімшартқа отыратын болса, онда оған инвестициялық преференциялар қарастырылады. Атап айтқанда, кедендік салықтан босатылып, грант бойынша тегін жер телімі беріледі. Әзірге PepsiСo тарапынан жеңілдік алуға өтініш түскен жоқ. Сонымен қатар, алдағы уақытта Америкалық компания инвестициялық шарт жасауға өтінім беруі мүмкін. Онда Салық кодексі бойынша корпоративтік табыс салығынан, инвестициялық жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығынан және мүлік салығынан босатылуы мүмкін. Бірақ бұл мәселе болашақта әлі де пысықталады. Келісім жасаған жағдайда арнайы комиссия құрылады. Оған Ұлттық экономика министрлігі және Ауылшаруашылығы министрлігі мен Қаржы министрлігі өкілдері қатысады. Яғни, аталған компанияға жеңілдіктер беру я болмаса бермеу жағын осы құзырлы органдар шешеді»,- дейді ол.
Десе де, Айнұр Жұманбаева Америкалық компанияның Қазақстан үкіметінен жеңілдіктер алуды жоспарлап отырғанын айтады. Қазіргі уақытта зауыт салу туралы жоба мемлекеттік сараптамада қаралуда.
КАРТОП ЖЕТПЕСЕ, ҚЫРҒЫЗДАРДАН АЛАМЫЗ
Алдын ала жоспар бойынша PepsiСo отандық фермерлерден 2026-2030 жылдары 50-66 мың тоннаға жуық картоп сатып алуды жоспарлап отыр. Бірақ зауыт салынғаннан кейін картоп тапшылғы болмай ма деген сауалға жауап берген Айнұр Жұманбаева қандай өңірдің фермерлерімен келіссөз жүріп жатқанын мәлім етті.
«Зауыт жұмысына қажетті шикізатпен қамтамасыз ету жұмысын бір жыл бұрын бастап кеттік. Қазір Алматы, Жамбыл және Түркістан облысының фермерлерімен жұмыс жүргізіп жатырмыз. PepsiСo компаниясы картоп егу үшін өздеріне қажет сорттың тұқымын береді. Өйткені олар халықаралық стандартқа сай өнім шығарады. Яғни, біздің отандық шаруалар компанияның берген тұқымы бойынша картоп өсіреді. Олардың негізгі сатып алушысы PepsiСo болады. 2033 жылға қарай 100 пайыз отандық шаруалардың өнімін сатып алады деп жоспарланып отыр»,- дейді Жұманбаева.
Белгілі болғандай, зауыттың жұмысы 2026 жылы толықтай іске қосылады. Сол кезде зауытқа шамамен 50 пайыз отандық шаруалардың өнімі тартылады деп көзделген. Қалған бөлігін Қырғыз Республикасынан алуы мүмкін. Өйткені зауыт іске қосылған кезде картоптың белгілі бір сорты бойынша 350 мың тонна қажет болады.
«Зауытқа қажетті өнімді толықтай бізде шығару үшін отандық фермерлерге уақыт керек. Оның үсітіне Қазақстанда картоптың жаңа сортын тіркеу жұмыстары да біраз уақыт алады», - дейді жобалар жетекшісі.
Зауыт іске қосылған кездегі екінші мәселе – қажетті кадрлармен қамтамасыз ету. Зауыттың құрылысына мыңға жуық адам тартылады, ал жобаның өзінде 350-ге жуық білікті маманға арналған жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр екен.
«Оның ішінде инженерлер мен администраторлар, технолог мамандар, қоймада жұмыс істейтіндер, жалпы айтқанда өндіріс саласына қажетті мамандар тартылады. Бұған қоса, PepsiСo компаниясы өз мамандарын ала келеді. Бастапқыда олар біздің кадрларға зауыт жұмысының қалай іске асатынын үйрететін болады. Өндіріс орны іске қосылған соң 2-3 жылдан кейін өзіміздің мамандар біліктілігін арттырып, толықтай жұмысқа кірісе алады», - дейді Айнұр Жұманбаева.
Десе де, егер PepsiСo компаниясы шетел азаматтарын жұмысқа аламыз десе, оған ешкім «қой» дей алмайды. Өйткені, Қазақстан заңына сәйкес шетелдік инвесторларға «тек қазақстандықтарды жұмысқа қабылдаңыздар» деген нақты талап қойылмаған. Яғни, шетелдік компаниялар Қазақстан маңайындағы елдерден де жұмысшы шақыра алады.
Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, шетелдік инвестор Қазақстан нарығына кірген кезде алдымен қазақстандықтарды жұмысқа алу керек немесе шетелден келген білікті мамандар 2 жылдың ішінде қазақстандық кадрларды үйретуі керек деген талап болуы тиіс.
«Өкініштісі сол, біздегі инвесторлармен келісімшарт жасау кезінде осындай талаптар заңдастырылмай отыр. Жергілікті халықты жұмысқа орналастыру халықтың қаржылық-әлеуметтік жағдайын тұрақтандырады. Жұмыссыздық деңгейі төмендейді. Екінші жағынан экономикаға оң серпін береді. Біз онсыз да шетелдік инвесторларға барлық жағдай жасап отырмыз. Олардан айтарлықтай салық түсіп жатқан жоқ. Өйткені, Қазақстан салық салу бойынша ең қолайлы мемлекет. Салық көлемі аз әрі, кейбір бағыттар бойынша мүлде салық салынбайды. Оның үстіне жерді тегін беріп отырмыз», - дейді ол.
САЛЫҚҚА ЖЕҢІЛДІК БОЛСА, «ЧИПСЫ» БАҒАСЫ АРЗАНДАЙ МА
Егер салықтық жеңілдіктерге ие болатын болса, PepsiСo «чипсыларының» бағасы нарықтық бағадан арзан болуы мүмкін. Бұл жағы әлі нақты белгілі емес.
Жоба жетекшісі Айнұр Жұманбаеваның айтуынша, дәл қазір Қазақстан үшін алдымен жаңа жұмыс орындарының ашылуы аса маңызды болып отыр. Сонымен қатар, америкалық трансұлттық компанияның Қазақстан нарығына келуі өзге шетелдік инвесторлар үшін сенім ұялатады.
«Бұған қоса, локализация деңгейі жоғары болады. Яғни, 100 пайыз отандық өнім шығарылады. Бюджетке салықтық түсімдер мен экспорттық әлеуетіміз артады. PepsiСo компаниясының Қазақстандағы зауыты шығарған чипсылар алдымен Орталық Азия елдерінде саудаланады. Кейін басқа аймақтардың нарығына шығу жоспарланып отыр»,- дейді ол.
ЖЕР ТЕЛІМІН КІМДЕР ИЕЛІККЕ АЛА АЛАДЫ
Инвестициялар туралы келісім бойынша шетелдік инвесторларға берілетін салықтық жеңілдіктермен қатар, жер телімін беру жағы да қарастырылған. Мысалы, шетелдік компанияға өндірістік мақсатта жер телімі ұсынылады. Инвестор алдымен жерді 5 жылға дейінгі аралықта жалға алады. Осы уақытта компания өзіне жүктелген барлық міндеттемелерді толықтай орындаған жағдайда және аудиторлық тексерістің қорытындысына сай шетелдік компания зауыт салған жерді толықтай 100 пайыз өз меншігіне алады. Яғни, өндіріс орны салған аймақ бұдан былай Қазақстан үкіметінің емес, шетел инвесторының жері болып саналады. Бұл ереже тек ауылшаруашылығы саласына инвестиция салғандарға қатысты емес.
Бұған қоса, Инвестициялар туралы келісім бойынша ҚР Үкіметі шетелдік инвесторларға барлық жеңілдіктердің орындалуын қамтамасыз ету үшін гарант болады. Яғни, елде қандайда бір саяси-экономикалық өзгерістер орын алған жағдайда шетелдік инвесторлар жеңілдіктердің сақталатынына сенімді болуы тиіс.
Жанат Ерболған