Президент экономиканы ырықтындару бойынша Жарлық әзірлеуді тапсырды

Аягөз Құрмаш

Ол құжатта үш бағыт қамтылуы керегін жеткізді

Президент экономиканы ырықтындару бойынша Жарлық әзірлеуді тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бір айдың ішінде экономиканы ырықтандыру бойынша Жарлық әзірлеуді тапсырды,  деп хабарлайды Azattyq Ruhу.

«Ұлттық компанияларды IPO-ға шығару мәселесін қайта қарау өте маңызды. Бұл істе негізгі мақсат – мемлекеттік активтердің тиімділігін арттыру. Корпоративтік басқарудың заманауи әдіс-тәсілдерін енгізу қажет. Сол арқылы компаниялардың барынша ашық қызмет етуін қамтамасыз етуге болады. Үкімет алдағы екі жылда акцияларының едәуір бөлігі IPO-ға шығарылатын ірі нысандардың нақты тізімін жасауға тиіс. Тағы бір маңызды мәселе. Квазимемлекеттік секторда ауқымды реформа жасау қажет», - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, қай жерде мемлекеттің үлесі сақталуы керек, қай тұста бәсекені дамыту қажет деген мәселені біржола шешіп алған жөн.

«Әсіресе, «Самұрық-Қазына» қорына кіретін компанияларда мемлекеттің үлесі басым. Сондықтан жұмысты солардан бастау керек. Қорды түбегейлі сауықтыру үшін жүйелі әрі тың шаралар қажет. Негізгі мақсат – инвесторлармен бірлесе отырып, ірі жобаларды кеңінен жүзеге асыру арқылы Қордың экономикалық құнын арттыру. Үкіметке бір ай ішінде Стратегиялық жоспарлау және реформалар, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерімен бірлесе отырып, Экономиканы ырықтандыру (либерализация) туралы Жарлықты әзірлеуді тапсырамын. Құжатта үш бағытқа баса мән берілуі керек: нарықтағы бәсекені арттыру, жекешелендіруді тиімді жүргізу және квазимемлекеттік секторды реформалау мәселелері», - деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.