Биыл инженерлік желілерді жөндеуге 450 млрд теңгеден астам инвестиция салынады
2023 жылы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 500 млрд теңге бөлінді
2024 жылы елімізде инженерлік желілерді жөндеуге 450 млрд теңгеден астам инвестиция салынады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Үкіметі еліміздің бүкіл тұрғын үй-коммуналдық саласын ауқымды жаңғыртуды жүзеге асыруда.
Мәселен, 2023 жылы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 500 млрд теңге, оның ішінде бюджет есебінен 327 млрд теңге бағытталды. Нәтижесінде бірқатар ірі жылу көздері мен 5,8 мың км инженерлік желілер жөнделді.
«Биыл бұл мақсаттарға 450 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 6,5 мың км инженерлік желі жөнделеді», - делінген хабарламада.
Жалпы, жүргізіліп жатқан тарифтік реформаның арқасында 2029 жылға дейін 62 мың км инженерлік желілерді жаңғырту және тозуды 20%-ға азайту үшін шамамен 3 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл коммуналдық инфрақұрылымды нормативтік жағдайға жеткізуге мүмкіндік береді.