Индексация: экономистер әлеуметтік төлемдердің қалай жүргізілетінін түсіндірді
Зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшері 10 пайызға индексацияланады

Бұл туралы республикалық телеарналардың эфирінен еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдемесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырдым. Осыған орай, аталған санаттағы азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді», - деді Президент.
Azattyq Rýhy тілшісі индексацияның халыққа қалай төленетіні туралы мамандардан сұрап білді. Экономист Мұрат Темірханов әлеуметтік төлемдер тұрмысы орташа халық үшін айтарлықтай көмек болады деп есептейді. Мысалы 100 мың теңге зейнетақы алсаңыз, енді ол 110 мың теңге болып қолыңызға түсетін болады. Ескере кететін жағдай, бұл төлемдерді дағдарысқа қарсы уақытша шара деп қабылдамау керек. Мысалы, 2-3 ай төлеп, Үкімет жағдай түзелген соң тоқтата салмайды. Шағын және орта кәсіп иелері салықты жыл соңына дейін ғана төлемеуге болады. Бірақ Жаңа жылдан бастап қайтадан жалғастырады. Ал әлеуметтік төлемдерге жасалған индексацияның ерекшелігі – 10 пайыздық үстемақы әрі қарай жалғасады.
«Бұл енді бюджетке қалай әсер ететінін көреміз. Бюджет шығыны артатын болады. Ал Президент айтқан 200 млрд теңге деген жері мен үшін түсініксіздеу болып тұр. Бұл бір жылға есептелген шығын ба, әлде үш жылдық бюджеттің шығыс көзі ме? Оны тиісті органдар есептеп, жария етеді деп ойлаймын. Себебі, үндеуде бұл жағы ашып айтылған жоқ», - дейді экономист.
Ал «Тұран-Астана» университетінің доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, индексация деген инфляция күрт өскен жағдайда жүзеге асатын шара. Бізде ресми түрде инфляция 4-5 пайыз арасында құбылып тұрады. Бірақ бізде жасырын инфляция деген бар, яғни халық жиі тұтынатын тауарлардың (Азық-түлік себетінде 45 түрлі тауар бар деп қарасақ, - авт.) орташа бағасын алып былтырғы жылғы бағамен салыстырады. Оның қымбаттағаны анықталса, мемлекет бюджеттен қосымша ақша бөлу арқылы индексация жасайды.
«Зейнеткерлерге, өзге де әлеуметтік төлемдер алатын адамдарға, оның ішінде мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек алушыларға 10 пайыз үстемақы қосылады. Мысалы, 42 300 теңге алатын төрт балалы отбасыларға 4 300 теңге қосылып, ол 46 мың теңгені қолдарына алады деген сөз. Яғни, 10 пайыз ай сайынғы төлемдеріне қосылып отырады», - дейді экономист.
Индексация бойынша төлемдер уақытша емес, себебі инфляция да уақытша құбылыс емес. Тауарларға да баға төмендемейді, тиісінше инфляция да артып отырады.
«Мұны халықтың тұрмысына қарай инфляцияны жеңудің бір жолы деп қарау керек. Бізде әдетте, бұл басқаша жолмен жасалып жүрген. Бұрын да зейнетақы, шәкіртақы, өзге де жәрдемақылардың көлемі артып отыратын. Ол да сол қазіргі айтып отырған индексация болатын», - дейді Бауыржан Ысқақов.
Президент айтып отырған 200 млрд теңге 2020 жылдың бюджетінен осы бағытқа кететін шығындар. Ал 2021-2022 жылдардың бюджетінен қарастырылатын қаражат қосымша түзету барысында анық болуы керек. Бюджетті қабылдағанда нақтылау барысында бұл салаға қосымша қаражаттар қаралатыны анық. Жалпы, билік әлеуметтік төлемдерді дағдарыс уақытында тоқтатпайтынын айтты. Қазір елде 6,5 млн адам осындай әлеуметтік жәрдемақыларды алады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы