Шавкат Рахмоновтың UFC-дегі келесі жекпе-жегі қашан өтетіні белгілі болды
Ол жарақатынан айығып, жаттығуға кірісті

Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмонов жарақатынан толық айығып, октагонға оралуға дайындалып жатыр. Оның менеджері Саят Абдрахманов спортшының қазіргі жағдайы мен келесі жекпе-жек мерзімі туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Рахмонов келесі жылдың басында жекпе-жекке шығуы мүмкін
Саят Абдрахмановтың айтуынша, Шавкат мамыр айында Белал Мухаммедпен чемпиондық белбеу үшін кездесу өткізуі тиіс болған, алайда жарақатына байланысты бұл жекпе-жек өтпей қалған.
«Шавкатта денсаулыққа байланысты қиындықтар болды. Мамырда бізге Белал Мухаммедпен чемпиондық жекпе-жек ұсынылды, бірақ жарақатына байланысты ол қатыса алмады. Қазір толық қалпына келіп, жаттығуға кірісті. Болжам бойынша, қаңтардың соңы – ақпанның басында октагонға оралады», – деді менеджер.
Жеңіліп көрмеген қазақстандық спортшы
Шавкат Рахмонов UFC 310 турнирінде 2024 жылдың желтоқсанында Иэн Мачадо Гэрриді жеңіп, 19-шы кәсіби жеңісін тіркеген.
Оның кәсіби рекорды – 19 жеңіс және бірде-бір жеңіліс жоқ. Жекпе-жектің басым бөлігі мерзімінен бұрын аяқталған. Қазір ол жартылай орта салмақта (welterweight) өнер көрсетеді.