Қазақстан таэквондодан әлем чемпионатында 39 медаль алды
Еліміздің командасы жалпы есепте 60-қа жуық елдің ішінде 5-орынды иеленді

Қазақстандық спортшылар Италияда өткен ITF таэквондодан әлем чемпионатында 39 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kz-ке сілтеме жасап.
Олар 10 алтын, 10 күміс және 19 қола медальды қанжығалап, жалпы командалық есепте 60-қа жуық елдің ішінде 5-орынды иеленді. Сонымен қатар Қазақстан 2029 жылы өтетін ITF Таэквондо әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды.
ITF таэквондо бойынша XXIII әлем чемпионаты Италияның Йезоло қаласында 3-13 қазан аралығада өтті. Осы жарыс ағайынды Азамат пен Бексұлтан Көптілеу үшін табысты болды. Екеуі де әлем чемпионы атанды. ITF таэквондоға әкесі балаларын 5-6 жасында алып келген. Содан бері ағайындылар тынбай осы спорт түрімен айналысып келеді.
Байрақты бәсекеде Қазақстан атынан 72 таэквондошы өнер көрсеткен. Олар әртүлі жас санаты бойынша жекелей және командалық спарринг, формалды жаттығулар, өзін өзі қорғау, арнайы техника және күштік сын бойынша бақ сынап, 39 медаль жеңіп алды.
«Әлем чемпионаты таэквондошылар үшін ең жоғары жетістік. Сондықтан бұл жарыс біз үшін өте маңызды. Екі жыл бойы өте қызу дайындалдық. Оған ұжым болып атсалыстық. Тыңғылықты жаттығудың нәтижесінде осындай жетістікке жетіп отырмыз», - дейді Қазақстан таэквондо ITF қауымдастығының президенті Ерлан Исекешов.
Осыдан екі жыл бұрын әлем чемпионаты Астанада өткен. Ол кезде біз командалық есепте 4-орын алғанбыз. Келесі ITF таэквондо бойынша әлем чемпионаты Қытайда, одан кейін біздің елімізде, Алматы қаласында өтеді.
Қазақстан 2029 жылы өтетін ITF Таэквондо әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды. Бұл шешім Италияда өткен әлем чемпионаты аясындағы Таэквондо халықаралық федерациясының конгресінде қабылданды.