Елімізде жалпы ішкі өнім 5%-ға өсті – Үкімет басшысы
ЖІӨ өсіміне айрықша ықпал етіп отырған салалар аталды
Қазақстанда жалпы ішкі өнім тау-кен өндіру өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және қызмет көрсету салалары есебінен өсіп отыр. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, өңдеу өнеркәсібі бойынша машина жасауда – шамамен 30%, оның ішінде автомобиль жасауда – 40%, локомотивтер мен вагондар өндірісінде – 36%, электр жабдықтарын шығаруда 35% өсім тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жеңіл өнеркәсіп – 24%-ға, оның ішінде текстиль өндірісі – 42%-ға жуық өсті. Сусындар, азық-түлік, пластмасса бұйымдары, минералды өнімдер, дайын металл бұйымдары өндірісі де ұлғайды. Химия өнеркәсібінде өсім – 3,5%-ды құрады», - деді ол.
Смайылов сондай-ақ тау-кен саласындағы өсім шикі мұнайдың 5,6%-ке және табиғи газдың 2,5%-ке ұлғаюы әсерінен болып отырғанын айтты.
«Құрылыста 12%-тен астам орнықты өсім қалыптасты. Ауыл шаруашылығында өсім – 3%. Қызмет көрсету саласы шамамен 5%-ке өсті», - деді ол.
Премьер-министрдің айтуынша, сауда-саттық 10,4%-ға, ақпарат пен байланыс 8,8%-ға және көлік саласы 7,4%-ға өсті. Тау-кен өндіруді есепке алмағанда негізгі капиталға салынған инвестициялар 14%-ға жуық өсті.
Үкімет басшысы мәліметінше, 6 айдың қорытындысы бойынша барлық негізгі макрокөрсеткіштердің өсуі Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында тіркеліп отыр.
«Өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі Ақтөбе облысында – 8,4%, Қарағанды облысында – 7%, Қызылорда облысында – 1,7%, Батыс Қазақстан облысында – 1%-ға жуық төмендеп кеткен», - деді ол.
Сондай-ақ Смайылов Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында негізгі капиталға салынған инвестициялардың төмендеуі байқалып отырғанын тілге тиек етті.
Ол аталған өңірлер жыл аяғына дейін жағдайды түзетуі тиіс екенін ескертті.
«Жалпы біз осы жылдың соңына дейін экономиканың ең кемі 5%-ке өсуін қамтамасыз етуіміз қажет. Экономиканың орнықты өсуі халықтың тұрмыс сапасын одан әрі жақсартуға оң ықпал етеді», - деді ол.
Ол сондай-ақ күрделі геосаяси жағдайларға байланысты түрлі факторлар мен даму сценарийлеріне дайын болуымыз керек екенін айтты.
«Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары экономиканы әртараптандыру және тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты күшейтуі қажет,- деді ол.
Әлихан Смайылов шешімін таппай жатқан бірнеше күрделі мәселені атады.
Бірінші мәселе – инвестиция үшін жаһандық бәсекелестік жағдайында стратегиялық инвесторларды тарту жұмысын күшейту қажет. Инвесторлардың әрқайсысымен тікелей жұмыс істеп, келіссөздердің әр сатысын бақылауға алу керек. Министрліктер мен өңір әкімдіктері осы бағыттағы белсенді жұмысты жалғастыруы тиіс.
Екінші мәселе – алдымызда тұрған аса маңызды міндеттің бірі – бағаның өсуін тежеу. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде 6 айдың қорытындысы бойынша инфляцияның жылдық көрсеткіші 14,6%-ке дейін төмендеді. Дегенмен, осы жылы инфляцияны 2 есе төмендету керек. Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, инфляцияны жоспарлы мәнге дейін төмендету шараларын қамтамасыз етуі қажет.
Үшінші мәселе – экономикалық саясаттағы басымдықтардың бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін біртіндеп азайту. Бұл жұмыс кешенді жекешелендіру және мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелес ортаға беру арқылы жүргізілуі тиіс. Біз мемлекеттің экономикадағы үлесін жалпы ішкі өнімнің 14,4%-не дейін қысқартуымыз керек.
«Жыл соңына дейін Жекешелендірудің кешенді жоспарының сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету қажет»,- деді Смайылов.
Бақытжан Баймахан