Коммуналдық сала қызметкерлерінің жалақысы 200-300 мың теңгеге дейін өседі

Azattyq Rýhy

Министр сондай-ақ электр энергиясының қалай қымбаттайтынын айтты

Коммуналдық сала қызметкерлерінің жалақысы 200-300 мың теңгеге дейін өседі
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Сантехник, электрик, дәнекеушілердің жалақысын 50%-тен 100%-ке дейін көтеріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық Экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Орташа жалақы сала мен өңірге байланысты 135 мың теңгеден 200-300 мың теңгеге дейін өседі.

«Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 200 мыңға жуық жұмысшыға әсер етеді», - деді ол.

Ол сондай-ақ электр энергиясының қалай қымбаттайтынына тоқталды.

«2 бөлмелі пәтер үшін жылу бойынша орташа есеп 1 620 теңгеге немесе 20%-ке артады. Электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша орташа квитанция 660 теңгеге немесе 20%-ке ұлғаяды. Сумен қамтамасыз ету бойынша орташа пәтердегі баға 200 теңгеге немесе 25%-ке көтеріледі», - деді ол.

Оның айтуынша, жалпы алғанда коммуналдық төлемдерге бұрынғыдан 2 бөлмелі пәтерде тұратындар 3000-4000 теңге көбірек төлейді.

«Тұтынушылар мен кәсіпорындар мүдделерінің теңгерімін ескере отырып, коммуналдық қызметтер тарифтерінің өзгеруі қалыпты болып, орташа есеппен 10-30% құрайды», - деді ол.

Осы тарифтердің қымбаттауы есебінен объектілер жөндеуден өтеді.

«Аталған мәселелерді шешу үшін министрлік «Тарифты инвестицияға айырбастау» бағдарламасын жүзеге асыруда. Оған сәйкес 2023-2029 жылдарға 62 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғыртуға бағытталған шамамен 3 трлн теңге инвестиция тарту көзделіп отыр»,- деді ол.

Министрлік есебінше, 2029 жылға қарай желілердің тозуы 20%-ке төмендейді.

«Алдыңғы 2009-2015 жылдардағы «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы энергетика саласы объектілерінің инвестициялық тартымдылығын арттыру арқылы электр энергиясын өндіруді дамытуға ғана бағытталған болатын. Қазіргі бағдарламасының бағыты айтарлықтай кең. Мәселен, ол электр энергиясын өндіруді дамытуға ғана емес, сонымен қатар барлық коммуналдық қызметтерді тұтынушыға жеткізуге, яғни желілерді дамытуға бағытталған», - деді ол.

Қуантыров жаңа тарифтік саясатта тұтынушылардың мүдделерін қорғап, негізделген бағамен сапалы қызмет көрсету – басты назарда екенін тілге тиек етті.

«2023 жылы 5,8 мың км инженерлік желілерді жөндеуге шамамен 250 млрд теңге сомасына инвестициялар тарту жоспарлануда. Бұдан басқа, осы жылы электр энергиясын өндіруге тарифтің, кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысының, тауарлық газдың көтерме бағасының және көмір, мазут, жанармай сияқты стратегиялық тауарлар құнының өсуі тарифтер деңгейіне әсер ететін қосымша факторлар болып отыр», - деді ол.

Министрлік мәліметінше, 2023 жылдың екінші тоқсанында биылғы 1 шілдеден бастап тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге 212 өтінімді қысқа мерзімде бекітті.

Фото: primeminister.kz

Министр инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейіне тоқталды.

Оның айтуынша, тозу деңгейі бойынша үш тәуекелдік топқа топтастырылды:

  • қызыл аймақ;
  • сары аймақ;
  • жасыл аймақ

«Жылумен жабдықтауда желілердің тозу деңгейі жоғары қызыл аймақтағы кәсіпорындар үшін инвестицияларды тарту басым тәртіппен жүзеге асырылады»,- деді ол.  

Бақытжан Баймахан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.