Қазақстан биыл шет елдерге қанша тонна астық сатады
Серік Жұманғарин журналистердің осы сұрағына жауап берді

Биыл Қазақстан 4 млн тоннаға дейін астық экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бізге 3-4 млн тонна экспорттау керек. Бұл – анық нәрсе. Қазір Түрікменстан мемлекеті арқылы жаңа бағыттар ашу үшін Ауғанстанмен келіссөздер жүріп жатыр», - деді журналистердің астық экспорты туралы сұрағына жауап берген Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар ол қазір құрылысы жүріп жатқан Дарбаза-Мақтаарал теміржолының әлеуетіне тоқталды. Жұманғариннің сөзіне сенсек, теміржол Қазақстанның оңтүстік өңірін дамытуға жаңаша серпін береді және еліміздің экспорт бағытын әртараптандырады.
«Қазір Қазақстан мен Өзбекстан тең жағдайда келіссөз жүргізіп жатыр. Өйткені, екі ел де тауар транзитіне мүдделі», - деді Жұманғарин.