ШұғылҚазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті

Интервенция болады: Үкімет пен Ұлттық банк үндеу жариялады

Онда макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы да айтылған

Фото: primeminister.kz

Үкімет пен Ұлттық Банк мұнайдың әлемдік нарығындағы жағдай және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы бірлескен үндеу жариялады, деп хабарлайды primeminister.kz.

Үндеуде ОПЕК+ мұнайдың негізгі экспорттаушы елдері арасындағы мұнай өндіруді шектеу жөніндегі келіспеушіліктер мұнайдың әлемдік бағасының айтарлықтай төмендеуіне алып келгені айтылған. 

«Бүгін, 2020 жылғы 9 наурызда Brent маркалы мұнай әлемдік нарықтарда 30%-дан астам төмендеумен, барреліне $31-33 көлемінде саудалануда. Осы жағдайға байланысты Үкімет пен Ұлттық Банк жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың басымдықтары макроэкономикалық тұрақтылықты және салық-бюджет саясатының тиімділігін қамтамасыз ету, инфляциялық процестерді басқару және елдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтау болып қалатынын мәлімдейді», - деп жазылған үндеуде.

Үкімет пен Ұлттық банктің мәлімдеуінше, сыртқы нарықтардағы қалыптасқан ахуалға және оның Қазақстан экономикасына әсер етуіне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Сонымен қатар қажетті шешімдерді жедел қабылдау және оларды жүзеге асыру үшін Премьер-Министрдің басшылығымен Штаб құрылған. 

«Үкіметтің бюджет саясатының шаралары әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындауға бағытталатын болады. Басым емес бюджет шығындарын қысқарту шаралары қабылданады. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар бағаның негізсіз өсуін, әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтерге бағаның өсуін болдырмауға ерекше назар аударатын болады. Қызметкерлердің санын қысқартуға жол бермеуді және еңбекақыны уақытылы төлеуді қамтамасыз етуді қоса алғанда, азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуына қатаң бақылау қамтамасыз етіледі», - делінген үндеу мәтінінде.

Өз мандаты аясында Ұлттық Банктің тиісті ресурстары бар және базалық мөлшерлемені арттыру және адекватты бағамдық саясатты жүргізу арқылы монетарлық саясатты қатаңдату жолымен бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қажетті қадамдарды қабылдайтын болады. Аталған шаралар инфляцияның жеделдеуін шектейді, ұлттық валюта бағамының шамадан тыс құбылмалылығына жол бермеуге мүмкіндік береді.

«Ұлттық Банк валюта нарығын тұрақтандыруды қамтамасыз ету және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажетті валюталық интервенциялар жүргізетін болады. Ұлттық банктің теңгенің айырбас бағамымен алып-сатарлық операцияларды болдырмау үшін алтын-валюта активтерінің жеткілікті көлемі, сондай-ақ реттеуіш құралдарды қоса алғанда, барлық қажетті құралдары бар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы нарығындағы тұрақтылықты сақтау жөнінде шаралар қабылдайтын болады», - делінген үндеуде.

Үндеуде айтылғандай, Үкімет пен Ұлттық Банк теріс салдарларды азайту және Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажетті ресурстарға ие.