Биылғы қаңтардағы инфляция 20 пайыздан асты – Ұлттық банк
Жылдық мәнде азық-түлік бағасының өсуі инфляцияның өсуіне әсер етіп отыр

Қаңтар айындағы инфляция 20 пайыздан асты. Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазақстанда инфляцияның айлық динамикасы 2022 жылғы наурыз айындағы ең жоғары мәнге (3,7%) жеткен соң төмендеп келеді. Биылғы қаңтарда айлық инфляция біртіндеп 1,1%-ға дейін төмендеді. Бұған қарамастан, ол орташа жылдық мәннен едәуір асатын деңгейде қалып отыр. Жылдық мәнде инфляция биылғы қаңтарда 20,7%-ға жетті. Жылдық мәнде 25,7%-ға жеткен азық-түлік бағасының өсуі инфляцияның өсуіне көптеп үлес қосып отыр», - деді Шолпанқұлов.
Оның айтуынша, азық-түлікке жатпайтын инфляция да импорт тауарларының қымбаттауы мен оларға сұраныстың сақталуына байланысты 20,2%-ға дейін жеделдеді. Ақылы қызметтердің инфляциясы 14,2%-ға жетті.
«Логистиканың өзгеруіне, жоғары инфляциялық күтулерге, сұранысты фискалдық қолдауға және кредит берудің ұлғаюына байланысты инфляция өсуін жалғастырып келеді. Сақталып отырған тәуекелдер базалық мөлшерлемені ағымдағы деңгейде ұстап тұруды талап етеді», - деді ол.