$ 537.53  620.52  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ұлттық экономика министрлігі тұрғын үй беруден көш бастап тұрған өңірлерді атады

Қаңтарда 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

Ұлттық экономика министрлігі тұрғын үй беруден көш бастап тұрған өңірлерді атады
Фото ашық дереккөзден

Ұлттық экономика министрлігі тұрғын үй беруден көш бастап тұрған өңірлерді атады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Биыл қаңтарда 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл былтырғы қаңтармен салыстырғанда 39,6%-ға артық. Ең жоғарғы көрсеткіштер Алматы және Атырау облыстарында, Алматы және Астана қалаларында байқалды. Бұл көрсеткіштің айтарлықтай төмендеуі Ұлытау облысында тіркелді», - деп айтты Тимур Жақсылықов.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 3,3%-ке ұлғайды. Саладағы өндірістің оң өсуі 15 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсімді Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары көрсетті.

Ұлттық экономика өкілі Үкімет отырысында 7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасындағы жалпы жағдайға тоқталып өтті.

«Барлық көрсеткіш бойынша оң өсім тек 2 өңірде, дәлірек, Қостанай облысында және Алматы қаласында байқалды. 6 көрсеткіш бойынша өсім 10 өңірде тіркелді. Бұл - Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстары, Астана мен Шымкент қалалары», - деді вице-министр.

Ал 5 көрсеткіш бойынша оң өсім 6 өңірде – Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында байқалды. Қарағанды облысы 4 көрсеткіш бойынша өсім көрсеткен. Абай облысында тек 3 көрсеткіш бойынша оң динамика тіркелді.

Серіктес жаңалықтары