Былтыр Қазақстанда 38 млрд теңгенің жиһазы өндірілді
Жиһаз өндірісінде импорттың үлесі азаймаған

2019 жылдың 12 айында қазақстандық компаниялар 37,9 млрд теңгеге жиһаз өндірген. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, инфляцияны есептегенде өсім 0,1 пайызды құраған. Бұл туралы Energyprom.kz сайты хабарлайды.
2018 жылы бұл көрсеткіш 38,6 млрд теңгені құрап, өсім 3,1 пайыз болған.
Жиһаз өндірісі бойынша алғашқы үштікте Алматы қаласы (2019 жылы - 12,1 млрд, 2018 жылы - 11,7 млрд теңге), Алматы облысы (2019 жылы - 4 млрд теңге, 2018 жылы - 4,6 млрд) мен Ақмола облысы (2019 жылы - 3 млрд, 2018 жылы - 2,8 млрд теңге) тұр. Бұл үштіктің жалпы өнімі Қазақстан бойынша жиһаз өндірісінің тең жартысын құрайды.
2019 жылдың 11 айы бойынша қазақстандық компаниялар кеңсеге арналған ағаш жиһазға сұранысты 76,4 пайызға, ас үй жиһазына 50,1 пайызға, орындықтарға 62,1 пайызға қанағаттандырған. Сонымен қатар 2018 жылмен салыстырғанда ас үй жиһазының өндірісі 42 пайызға төмендеген.
Тағы бір айта кетерлігі, бұл сегментте импорттың үлесі де жоғары. Әсіресе, ас үй, жатын бөлме мен қонақбөлме жиһаздарының 88,8 пайызын жасау барысында шетелдік өнім пайдаланылған. Мәселен, орындық жасауда импорттық өнімдерді пайдалану үлесі 80,4%, ал сауда кәсіпорындарына арналған ағаш жиһаз жасауда 69%, матрас өндірісінде 59,7% құрайды.