Қазақстанда былтыр 111,1 млн тонна көмір өндірілген
28 млн тонна көмір шетелге экспортталған

Қазақстанда 2019 жылы өндірілген 111,1 млн тонна көмірдің жартысынан астамы (57,2 млн тонна) энергия өндіретін кәсіпорындарға жөнелтілген. Тағы 6,3 млн тонна өнеркәсіптік кәсіпорындарға жіберілсе, коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа 11,4 млн. тонна көмір жұмсалған. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Көмір кәсіпорындар мен халыққа екі түрлі бағада сатылады. Мәселен, энергетикалық және өнеркәсіп кәсіпорындарына тікелей шарт бойынша көмір разрездерінің жөнелтілу бағасымен жіберілсе, коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар және халық үшін көмірдің негізгі көлемі тауар биржалары арқылы сатылады. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік және халық үшін көмір бағасы көмір разрезінің жөнелту бағасынан (әзірлеу жағдайына байланысты тоннасына 3-6 мың теңге), тасымалдауға кеткен темір жол тарифтерінен, жылжымалы құрамды күтіп-ұстау, көмірдің биржалық құнынан, сондай-ақ халыққа жеткізетін делдалдық ұйымдардың және жеке тұлғалардың маржасынан қалыптасады.
Көмір экспорты былтыр шамамен 28 млн. тоннаны құрады. Ең ірі экспорттаушы елдер: Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Украина және Түркия.