$ 522.63  548.66  5.07
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.10.2019, 15:11
Экономика

Қазақстандағы қосымша құн салығы мұнай мен алтын шығаратындарға ғана тиімді – Азат Перуашев

Парламент Мәжілісіндегі «Ақ жол» фракциясының депутаты Азат Перуашев Үкіметке салық реформасына қатысты келіспейтін дүниелерін айтып, сауал жолдады

Қазақстандағы қосымша құн салығы мұнай мен алтын шығаратындарға ғана тиімді – Азат Перуашев
Фото: ашық дерек көзінен

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауына сәйкес, Үкімет бірнеше заңдар даярлап, қолданыстағы бірқатар құжаттарға өзгеріс енгізбекші. Өзгеріс енетін құжаттың бірі -  салық кодексі. Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің пікірінше, Үкімет Президент айтқандай, бұл салаға түбегейлі реформа жасамай, керісінше, кәсіпкерлерді салықтан жалтаруға итермелейтін, көлеңкелі бизнесті көбейтетін өзгеріс енгізбекші.

«Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауынан кейін оның саяси-әлеуметтік бастамалары кең айтылып жатыр. Бірақ, оның экономикалық бастамалары, менің ойымша, көпшілік арасында дұрыс баға таппаған сияқты. Президенттің жолдаудағы экономикалық ұстанымдары, әсіресе, салық реформасына қатысты айтқандары маңызды. Ол салық жүйесі туралы үш рет айтты, Үкіметке жүйені өзгерту туралы, жүйеге реформа жасау туралы, осы жүйені жақсарту туралы тапсырма берді. Бірақ, өкінішке қарай, менің ойымша, оның тапсырмалары назардан тыс қалып жатыр», - дейді депутат Азаттық рухы тілшісімен әңгімелесе отырып.

Үкімет салық кодексіне енгізейін деген өзгерістерін өзі ғана дайындап жатқандықтан, депутаттарды жұмыс тобына шақырмайды екен. Бірақ, Перуашев үкімет дайындап жатқан өзгерістерді сырттан естіп, керексіз ережелердің алдын алу үшін осы мәселені көтеріп отыр. 

«Менің ойымша, олардың дайындап жатқан өзгерістері реформа деген атқа лайықты емес. Мысалы, «Ақ жол» партиясы он жыл бойы күресіп, жалған кәсіпкерлік туралы бапты қылмыстық кодекстен алып тастатқан еді. Ал қазір салықшылар осы норманы қайтадан енгізейін деп отыр. Жалған кәсіпкерлік деген атпен емес, «жалған шот-фактура» қолданғаны үшін жауапкершілік енгізбекші. Енді мынаны қараңыз: осы өзгерістер қабылданса, кез келген салықшыға (салық органының қызметкері - агенттік) соттың шешімімен емес, өз шешімімен шот-фактураны рас немесе жалған деп мойындауға  құқық бергелі отыр. Бұл жерде кәсіпкер сот алдына бармаған соң, өз құқығын, өз мүддесін қорғай алмайды. Бұл әрине түрлі жемқорлыққа итермелейді. Біз оған қарсымыз», - дейді Перуашев. 

«Ақжолдықтар» сонымен қатар, Қазақстанда қосымша құн салығын азайту керек деген ұстанымдарын айтып отыр. Бұл ұсыныстарын 2010 жылдан бері айтып келеді. Олар зерттеу жүргізіп, дамыған елдердегі Қазақстан елшіліктеріне сауал жолдаған. 19 елшіден келген жауап негізінде біздегі қосымша құн салығы ірі компанияларға ғана тиімді екенін анықтадық, дейді.

«Салық жүйесі ең озық Ұлыбритания, Франция, Германия сияқты елдерде қосымша құн салық саясаты былай жүреді: бүкіл экономикада оның үлесі 20-25 пайыз болуы мүмкін. Бірақ, әлеуметтік салада, мысалы, балалардың киімін тігетін зауыттарға, ауыл шаруашылығын өндірушілерге салынатын қосымша құн салығы 0-5 пайыз арасында ғана. Ал бізде қалай? Мұнайшылар да , алтын шығаратындар да 12 пайыз, шағын және орта кәсіпорындар да сол 12 пайыз қосымша құн салығын  төлейді. Еуропамен салыстырғанда, біздің шенеуніктер «қосымша құн салығы бізде ең төмен» деп мақтанып айтады. Мұнайшылар мен банктердің деңгейінде салыстырсақ, әрине, төмен. Ал шағын және орта кәсіпкерлікпен салыстырсақ, жоғары. Үкімет 2013, 2016, 2017 жылдары «осы бастаманы дұрыстап қарау керек» деген ғана жауабын айтып келеді. Алты жыл өтті», - дейді Перуашев.

«Ақ жол» фракциясының депутаттары заң жобасы мәжіліске келгенде дауласуға дайынбыз дейді. Ең қызығы, Перуашевтің айтуынша, «парламент туралы конституциялық заңға сәйкес, егер депутаттың ұсынысы бюджеттің табысына қатысты болса, ол ұсынысты үкімет қолдаса ғана қабылданады. Ал үкімет қарсы шықса, өз жобасын қолдаса түк істей алмаймыз», - дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, кешеден бастап, Ресей  Федерациясы осы тәжірибеге көшті. Ресейде ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратындар үшін  қосымша құн салығын 18 пайыздан 10 пайызға дейін азайды.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары