Ауыл шаруашылығы: инвестиция көп салынғанмен, өндіріс аз
2019 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығы саласы ЖІӨ-нің 2,4%-ын құрап отыр
2019 жылдың бірінші жартыжылдығында ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 50%-ға артқан, бірақ, 8 айдың қорытындысы бойынша бұл саладағы өндіріс көлемі небәрі 3,6% ғана өскен. Бұл туралы finprom.kz хабарлайды.
Ауыл, орман және балық шаруашылығы бойынша жалпы өнім 8 ай ішінде 2 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6% өскен. Ауыл шаруашылық өндірісінің өсуі мал сою мен сойылмаған құс өнімдері көлемінің 4,7%-ға, өсімдік өнімдерінің 3,9%-ға, сиыр шикі сүтінің 3,2%-ға артуымен байланысты.
2019 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығы саласы ЖІӨ-нің 2,4%-ын құрап отыр. Ал, 2018 жылы 4,4%-ды құраған. Жалпы ауыл шаруашылығының ЖІӨ-дегі үлес салмағы үшінші жыл қатарынан төмендеп барады. 2015 жылы бұл көрсеткіш 4,7% болған.
Жалпы, жылдан жылға ауыл шаруашылығына салынатын инвестиция көлемі артып келеді. Қаңтар-тамыз айларында бұл саланың негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 263,7 млрд теңгеге жеткен, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50,1%-ға (өткен жылы175,7 млрд тг) көп. Бұл қаржы негізінен өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын, сондай-ақ, аңшылық және осы салалардағы қызметтерді дамытуға бөлінген (263,2 млрд тг). Ал, қалған 482,3 млн теңге аквамәдениет пен балық шаруашылығына (272,1 млн тг), орман мен ағаш кесуге (211,2 млн тг) жұмсалған.
Ауыл шаруашылығы бойынша инвестиция ең көп салынған өңірлер: СҚО - 62,6 млрд тг (+38,4%), Ақмола облысы - 35 млрд тг (+77%), Қостанай облысы - 32,7 млрд тг (+33,6%). Ал, Атырау облысында осы сала бойынша салынған инвестиция көлемі айтарлықтай төмендеген (-65,4%).