$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.12.2019, 11:55
Экономика

Қостанайда банкрот болған құс фабрикасына 6 жыл инвестор іздеген

Қостанай облысында соңғы 9 жыл ішінде 91 жоба пайдалануға беріліпті

Қостанайда банкрот болған құс фабрикасына 6 жыл инвестор іздеген
Көрнекі фото: agroinfo.kz сайтынан

Жақында Индустрияландыру күні өтті. Әдеттегідей облыстарда, мегаполистерде жаңа жобалар іске қосылып, тұсауы кесілді. Осыған байланысты облыстар мен мегаполистердің индустрияландыру жылдарында (2010 жылдан бері – авт.) атқарған жұмыстарына шолуымызды жалғастырамыз. Бұған дейін Ақмола облысы бойынша тоқталып, аталмыш облыста 2010 жылдан бері екі жоба жұмысын тоқтатқаны туралы жазғанбыз. Енді Қостанай облысына тоқталмақпыз. Жалпы, Қостанай облысында ауыл шаруашылығы және машина жасау саласында бірқатар іс атқарылып жатыр.

Қостанай облысында соңғы 9 жыл ішінде 152,3 млрд теңгені құрайтын 91 жоба пайдалануға беріліпті. І бесжылдықта 77 жоба іске қосылса, екінші бесжылдықта бар-жоғы 14 жоба пайдалануға беріліпті. Нақтырақ айтқанда, Индустрияландыру екінші бесжылдығы басталғанда облысты басқаруға Архимед Мұхамбетов келген (11.09.2015) еді. 91 жобаны құру арқылы 6 мыңнан астам адамға жұмыс орны ашылған. Бұл көрсеткіш – кейбір облыстармен салыстырғанда ілгері, ал кей өңірлермен салыстырғанда төмен.

«ИИДМБ аясында іске қосылған жобалардың бүгінде қаншасы жұмыс істеп, қаншасы жұмысын тоқтатты? Жұмысын тоқтатқан жобаларға нақты қандай себеп болды?» деген сұрағымызға облыс әкімдігі қысқаша жауап беріпті.

«2013 жылдан бастап айналым қаражатының болмауы себебінен «Комсомольская птицефабрика» АҚ ет бағытындағы құс фабрикасы тоқтап тұр. Облыс әкімдігі құс фабрикасының қызметін жаңарту мақсатында осы бағытта айтарлықтай жұмыстар жүргізді. Қазіргі уақытта отандық инвестор – «Poultry-Agro» ЖШС тартылды. Компания жақын арада қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу арқылы құс фабрикасының өндірістік қызметін жаңартуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта инвестор бизнесті дамыту институттарымен және екінші деңгейдегі банктермен табысты келіссөздер жүргізді», - делінген жауапта.

Өткен жылдың қарашасында Қарабалық ауданының әкімі Нұржан Өтегенов құс фабрикасын қаржыландырудан екі бірдей инвестор бас тартқанын айтқан еді.

Құс фабрикасы 2011 жылы іске қосылып, 2012 жылдан бастап өнім шығара бастады. Алайда, 2013 жылдан бастап қаржылық қиындықтарға байланысты компания жұмысын тоқтатқан. Жұмысын жалғастыру үшін 300 млн теңге қажет болған, алайда мұндай көлемде қаржы салатын бірде-бір инвестор табылмаған.

2018 жылы аталмыш фабриканы «Qostanay Qus» ЖШС қаржыландырмақ болып, әкімдікпен бірге жол картасы жасалған. Алайда, құс фабрикасының жағдайы егжей-тегжейлі қаралып, компания артынан қаржыландырудан бас тартқан. Аудан әкімі одан да бөлек инвесторлардың бас тартқаны жайлы айтқан еді.

2017 жылы Қостанай облысының мамандырылған ауданаралық экономикалық соты құс фабрикасын банкрот деп тану туралы шешім қабылдады. Зауытты банкрот деп тану туралы талап еткен - Қарабалық ауданының Мемлекеттік кірістер басқармасы және «ҚазАгроҚаржы» АҚ сияқты кредиторлар болатын. Компанияның жалпы қарызы – 3 млрд теңге шамасында. «ҚазАгроҚаржы» АҚ салған ақшасын қайтару мақсатында бірнеше рет талаптанып көрді. Әрине, қарызын толықтай қайтарып алмаса да, Астана соты арқылы «Комсомольская птицефабрика» АҚ директоры Генрих Богдевичтен 445 млн теңге көлемінде қаржы өндіріп алды.

Қостанай облысы 2019 жылы құны 11,6 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асырмақ. Оның ішінде 3 жоба Индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде, аталмыш жобалар машина жасау және ауыл шаруашылығы саласына қатысты.

Жандос БАЙДІЛДА, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары