Қазақстанда депутаттар іссапарға қанша қаржы жұмсайды?
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында пәтер жалдауға облыс орталықтарына қарағанда көбірек қаражат бөлінеді
Депутаттар мен Жоғарғы соттың судьялары 2020 жылы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына іссапармен барғанда пәтер жалдауға тәулігіне 26 510 теңге жұмсай алады. Бұл туралы қызметтік іссапарлар шығындарын бюджет қаражаты есебінен өтеу ережелерінде айтылған, деп жазады Azattyq Rýhy тілшісі sputniknews.kz-ке сілтеме жасап.
Мемлекеттік мекеме басшылары мен орынбасарлары, хатшылар, Конституциялық кеңестің мүшелері, президент кеңсесінің басшысы, парламент депутаттары және Жоғарғы сот судьялары үшін тұрғын үйді жалдау құны Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау және Байқоңырда айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) он есе мөлшерінен аспауы тиіс.
Облыс орталықтары мен облыстық маңызы бар қалаларда айлық есептік көрсеткіштің жеті есе мөлшерінен, ал аудан орталықтары мен аудандық маңызы бар қалаларда және Ақмола облысындағы Бурабай ауданының Бурабай елді мекенінде бес есе мөлшерінен аспайды.
2019 жылы бір АЕК 2525 теңгеге тең. 2020 жылы АЕК 2 651 теңге болады.
Мемлекеттік мекеме қызметкерлері үшін шығындарды өтеу нормасы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау және Байқоңырда жеті АЕК-тен (18 557 теңге немесе 48,5 доллар), облыс орталықтары мен облыстық маңызы бар қалаларда алты АЕК-тен, аудан орталықтарында, аудандық маңызы бар қалаларда және Бурабай елді мекенінде төрт АЕК-тен, ауылдық округтерде екі АЕК (5 302 теңге немесе 13,8 доллар) аспауы тиіс.