Қазақстанда сыртқы қарыздың 63,3% фирмааралық берешектер
Finprom сыртқы қарыз бойынша есебін жариялады
Халықаралық валюта қорының басшысы Кристалина Георгиеваның айтуынша, әлем бойынша мемлекеттік және жеке меншік қарыз көлемі 188 трлн долларды құрап, әлемдік өндірістің шамамен 230% -ын құрайтын рекордтық деңгейге жеткен. Қор жетекшісінің мәлімдеуінше, экономикасы дамыған елдердің мемлекеттік берешек Екінші дүниежүзілік соғыстан бері ең жоғары көрсеткішке жетті. Дамушы елдердің мұндай көлемдегі мемлекеттік қарызы соңғы рет 1980 жылдардағы дағдарыс кезінде байқалды. Мәселен, 2018 жылдың нәтижесі бойынша дамушы елдердің мемлекеттік қарызы 5,3% өсіп, 7,8 трлн долларды құраған.
ҚАРЫЗҒА «БАТҚАН» ҚАЙ ЕЛ
Мемлекеттік берешегі ең көп елдердің көшін АҚШ бастап отыр. Олардың қарызы 23 трлн доллардан асады және бұл АҚШ тарихындағы бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Мемлекеттік қарыздың өсуіне АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігінің салықты азайтып, шығындарды көбейтуі тікелей әсер еткен.
Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдердің арасында қарызға «батқан» ел – Ресей. РФ Орталық банкінің берген мәліметінде көрсетілгендей, 2019 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Ресейдің сыртқы қарызы 479,8 млрд долларға жеткен. Жыл басынан бері 25,2 млрд долларға өскен (5,5%). Бұл ретте резидент еместердің Ресей рублінде де, шетел валютасында да номинацияланған мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алуы, сондай-ақ төленбеген дивиденттер бойынша берешектің ұлғаюы үлкен рөл атқарған.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ ҚАРЫЗЫ БІР ЖЫЛ ІШІНДЕ 6 МЛРД ДОЛЛАРҒА АЗАЙҒАН
Әлем елдерінің, атап айтқанда, дамушы елдердің сыртқы қарызы айтарлықтай өсіп жатқанда, Қазақстандағы жағдай басқаша. 2019 жылдың 1 шілдесіндегі көрсеткіш бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 158,3 млрд долларды құрап, бір жыл ішінде 6 млрд долларға азайған (өткен жылы 164,5 млрд доллар болған). Қазақстанның сыртқы қарызының төмендеуі экономиканың өсуімен де байланысты. Осы жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстандағы ЖІӨ өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,1% өсті. Мәселен, құрылыс (11,1%), сауда (7,5%), көлік (5,3%), ауыл шаруашылығы (3,8%), өнеркәсіп (2,6%) және байланыс қызметтерінде (1) оң динамика байқалды.
ЖІӨ мен тауарлар мен қызметтер экспортының артуы басқа көрсеткіштердің жақсаруына әсер етті. 2016 жылы сыртқы қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы 119,0% болса, 2018 жылдың аяғында ол 88,5%, ал 2019 жылдың екінші тоқсанының соңында 87,5%-ды көрсетіп, біртіндеп төмендеп келеді.
ҚАРЫЗ ҚАЙ САЛАДА КӨП
2019 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, Қазақстанның сыртқы қарызының ішінде фирмааралық қарыз басым: 100,3 млрд доллар немесе жалпы қарыздың 63,3%-ын құрайды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3% төмен. Ал, мемлекеттік сыртқы қарыз 12,6 млрд долларын құрайды (бір жыл бұрын 11,9 млрд доллар болған). 2008 жылғы дағдарыс кезінде банктердің сыртқы қарызы 45,9 млрд долларға жеткен, алайда одан бері бұл көрсеткіш 8 есеге қысқарды. 2019 жылдың 1 шілдесіндегі көрсеткіш бойынша, банктердің сыртқы қарызы 5,7 млрд доллар.
2019 жылдың 1 шілдесіндегі көрсеткіш бойынша, мемлекет бақылауындағы ұйымдардың сыртқы қарызы 21,0 млрд долларды құрап, бір жыл ішінде 20,5% -ға немесе 5,4 млрд долларға азайған. Бұл квазимемлекеттік қарыздар мен еуро облигацияларды жоспарға сәйкес және мерзімінен бұрын өтеумен байланысты.
Жалпы алғанда, сыртқы мемлекеттік және квазимемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы 18,6% құрады, ал 50%-дан төмен деңгей қауіпсіз деп саналады. Елдің сыртқы қарызы бойынша орныққан жағдайға әсер ететін маңызды көрсеткіш – жалпы борыштың көлемінің жыл ішінде төлеуге жататын сыртқы қарызының үлесі. Өтімділік тәуекелінің барын көрсететін жалпы қабылданған шекті деңгей 40%-дан астам көрсеткішті құрайды. 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан үшін бұл көрсеткіш - 16,7%. Осылайша, өтеуге дейін қалған қысқа мерзімді сыртқы қарыз көлемі 26,4 млрд долларды құрады және ол толықтай халықаралық резервтермен өтелді.
Сыртқы міндеттемелерді өтеуге қатысты келетін болсақ, бұл реттегі сыртқы қарыздың 50%-дан астамын тау-кен металлургия саласына тиесілі. Тікелей шетелдік инвестициялар түрінде тартылған бұл қаражат қарыз алушы кәсіпорындардағы өндіріс көлемінің өсуіне және болашақтағы кірістердің артуына ықпал етеді және кейіннен шетелдік инвесторларға төлемдерді толығымен қайтаруды қамтамасыз етеді.
Көптеген мемлекеттер қарыз алу және несиелеу процестеріне қатысты ашық ақпарат бермейді, ал кейбір елдер сыртқы қарыз жағдайына байланысты мағлұмат бермейді. Халықаралық валюта қорының басшысы Кристалина Георгиева процестің ашық болуы маңызды деп есептейді. Ал, Қазақстандағы жағдайға келсек, еліміздің сыртқы қарызы жайлы стастистика тоқсан сайын жасалып, оны Ұлттық банк жариялайды.