Ақмола облысында индустрияландыру бағдарламасы аясында ашылған қанша жоба жұмысын тоқтатты?
Облыста соңғы тоғыз жыл ішінде 84 жоба іске қосылып, 9 мыңнан астам адамға тұрақты жұмыс орны ашылыпты

Алда Индустрияландыру күні келе жатыр. Осыған байланысты облыстар мен мегаполистердің индустрияландыру жылдарында (2010 жылдан бері – авт.) атқарған жұмыстарына бір шолу жасап өтпекпіз. Бұл бағдарлама алғаш рет қабылданғанда «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы» деп аталған еді. Кейіннен «үдемелі» деген сөз істен шығып, жәй ғана Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы болып жалғасын тапты. Қысқаша қайырсақ – ИИДМБ.
Ендеше, сол ИИДМБ аясында соңғы 9 жылда қанша жоба іске қосылды? Қанша жоба жұмысын тоқтатты? Қанша адамды жұмыспен қамтып отыр? Қанша қаражат жұмсалды? Міне, осы және басқа да сұрақтарға жауап іздейміз.
Алфавиттің А тұрады басында демекші, әңгімеміздің әлқиссасын Ақмола облысынан бастайық.
Ақмола облысы 2010 жылдан бастап кәсіпкерлікті қолдау картасына 102 жоба енгізіпті, бүгінде соның 84-і іске қосылған. Демек, әу бастағы жоспардың 82%-ы орындалды деген сөз. 84 жобаға салынған инвестиция көлемі 306,6 млрд теңгені құрайды. Әрине, басқа облыстармен салыстырғанда асып та, тасып та бара жатқан жоқ. Себебі, елімізде нағыз индустриалдық аймаққа айналған өңірлердің көрсеткіші бұдан әлдеқайда көп. Ол туралы алдағы материалдарымызда жазамыз.
Биыл телекөпір болмайды: Тоқаев пен Атамқұловтың жоспары басқа
84 жобаны іске қосу арқылы Ақмола облысында 9128 адам үшін тұрақты жұмыс орны ашылыпты. Егер орташа есеппен алатын болсақ, әр өндіріс орнында шамамен 108 адамнан жұмыс істейді деген көрсеткіш болады. Алайда, ашылған жобалардың барлығы бүгінде жұмыс істеп тұрған жоқ. 2010 жылдан бастап екі жоба жұмысын тоқтатқан екен. Олар:
- «Арыстан» Степногорск құбыр зауыты» ЖШС;
- Құбыр зауыты («Корсис» құбыры) «Арыстан» Степногорск құбыр зауыты» ЖШС;
«2016 жылдың 18 қарашасында «Арыстан» Степногорск құбыр зауыты» ЖШС жалғыз құрылтайшысы «Группа Полипластик» ЖШҚ №50 шешіміне сәйкес өндірістік қызметін тоқтатты, технологиялық жабдық толығымен бөлшектелді», - делінген Ақмола облысы әкімдігінің ресми жауабында.
Құбыр зауыты 2012 жылы жалпыұлттық телекөпірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырылған екен. Сол жылы отандық 6 инновациялық жобалардың бірі болған.
2018 жылдың 12 желтоқсанында өткен жалпыұлттық телекөпір
2019 жылдың қорытындысы бойынша облыста қанша жоба қосылатыны туралы әкімдік жауабында көрсетілмепті.
Естеріңізге сала кетейік, биыл ҚР Президентінің 2019 жылғы 7 қарашадағы №19-3622-1 тапсырмасына сәйкес, бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында Индустрияландыру күні аясындағы өңірлермен телекөпір ұйымдастырылмайды. Биыл бұл дәстүрге аз-маз өзгеріс жасалып, басқаша форматта өткелі отыр. Біріншіден, телекөпір болмайды, бұрынғыдай жобалардың тұсауы тікелей эфирде кесіліп, селекторлық режимде өтпейді. Оның орнына Индустриаландыру күні өтеді. Сондай-ақ 2019 жылдың қорытындысы бойынша 130 жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Жандос БАЙДІЛДА, Нұр-Сұлтан