G4- City: Алматы маңындағы «арман» қалалардың құрылысы неге тұралап тұр?

Алматы облысында Қапшағай мен Алматы арасында салынатын серіктес қалалардың жобасын жасау 2006 жылы басталған

G4- City: Алматы маңындағы «арман» қалалардың құрылысы неге тұралап тұр?

Бұл жоба мегополис үшін үміт отын тұтатқан ерекше бастама деп бағаланды. Елбасының өзі оныаумақтық деңгейдегі іскерлік және қаржылық орталыққа айналдыру туралы тапсырмалар берген еді. Төрт әкімшілік құрылымнан  тұратын қала  ғылым, заманауи технология, логистика мен туризмнің тоғысқан орталығына айналуы керек деп күтілген.  Алайда содан бері 13 жыл артта қалды. Қаланың іргетасы әлі қаланған жоқ. Azattyq Rýhy тілшісі бірнеше рет кейінге шегерілген жобаның неліктен жүзеге аспай жатқанын анықтауға тырсты.

Бастапқыда «Gate City» (Қақпа қала), «Golden City» (Алтын қақпа), «Growing City» (Өсу қаласы), Green City (Жасыл қала) деп аталатын төрт шаһардың аумағы 8 мың гектарға есептелген. Бірегей заманауи ақылды қалалар бизнестің қарқынды дамуына және халықтың жайлы өмір сүруіне қолайлы болады. Алматы қаласы үшін азық-түлік кластері, жолаушыларға арналған көлік торабы, заманауи ойын-сауық технологиялары алқабы орналасады.  Ал ол жерде тұратын халықтың саны 130 мың адамға жетеді.

Қазір бұл жобаға Алматы облысын дамыту жөніндегі «Алатау» АҚ жауап береді. Компанияның біздің ақпарат агенттігіне берген ресми жауабына қарағанда, серіктес-қалалар құрылысы тоқтамайды. 

«2014 жылғы 22 қаңтардағы ҚР Өңірлік даму Министрі Б.Б. Жәмішевтің, 2014 жылғы 25 ақпандағы ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Б.Ә. Сағынтаевтың және 2014 жылғы 15 қыркүйектегі Алматы облысының әкімі А.Ғ. Баталовтың тапсырмаларына сәйкес, Алматы агломерациясының дамуын ескере отырып (2013 жылдың 6 маусымында ҚР Үкіметінің № 581 Қаулысымен Алматы агломерациясын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді), 4 серіктес-қаланың ТЭН әзірлеу тапсырылды»,- делінген ресми жауапта.

Төрт қаланың орнына бір қала салынады. Бас жоспар неге бұзылды?

Бірнеше рет кейінге шегеріліп, құрылысы қарқын алмаған қаланың болашақ тағдыры өзгеріске ұшырады. Үкімет 2017 жылдың 28 желтоқсанында алғашқы бекітілген қаланың бас жоспарын бұзуға мәжбүр болды. Енді онымен  Алматы облысы әкімдігі айналысады. Сөйтіп облыстық  мәслихаттың шешімімен 2017 жылдың 26 сәуірінде түзетілген бас жоспар күшіне енді. Оның аумағы бұрынғыдай 8 мың емес 2 мың гектарға, ал халық саны 130 мың адам емес 60 мың адамға дейін азайды.

«Алматы агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы ҚР Үкіметінің арнайы қаулысымен бекітілген. Схема құрамына 2030 жылға дейін тек бірінші серіктес-қаланың (Gate City) құрылысын жүзеге асыру, ал қалған серіктес-қалалардың (Golden City, Growing City, Green City) құрылысының орындылығын 2030 жылдан кейінгі есептік кезеңде қарастыру ұсынылып отыр»,- деп көрсетілген.  

Алматы агломерациясын құру және дамыту тапсырмасы бойынша бұл аймақтан Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы,  Батыс Еуропа-Батыс Қытай  күре жолы, Алматы-Өскемен  тас жолы, Жетіген-Қорғас теміржолы  өтеді. Жол салу бойынша құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Алматы облысын дамыту жөніндегі «Алатау»  акционерлік қоғамының дерегінше, бас жоспардың өзгеруіне осы жобалар да түрткі болды. Тиісінше  Gate City-дің жеке технико-экономикалық көрсеткіштеріне өзгертулер енгізіліп отыр.

Жоба неге уақытында жүзеге аспады. Қанша қаражат жұмсалған?

Алматы облысын дамыту жөніндегі «Алатау»  акционерлік қоғамының бізге жолдаған хатында қаланың алғашқы жобалау жұмыстарына жұмсалған қаражат көлемі көрсетілген. Ақпаратқа қарағанда 2008 жылдан бері серіктес қалалардың инженерлік инфрақұрылымын жүргізуге 33 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына 28 млрд теңге, ал жобалық сметалық құжаттарын жасауға 4,5 млрд теңге бөлінген. Алайда бұл қаражаттың қаншалықты игерілгені туралы ақпарат айтылмайды. Ашық дереккөздерінде Gate City серіктес қаласын салуға қарастырылған инвестиция көлемі 650 млрд. теңге. Оның ішінде 206 млрд бюджеттен жұмсалады деп күтіліп отыр.

Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу инситутының мамандары 2014 жылы G4-City жобасын зерттеу барысында Алматы қаласы үшін тиімсіз бастама екенін айтқан болатын. Егер серіктес қалалар бой көтерсе, Алматы сияқты мегаполис үшін еңбек миграциясын ұлғайтып, көлік инфрақұрлымының дамуына кері әсерін тигізеді деген қортындыға келді. Одан тыс экологиялық жағдайды ушықтырып, Алматыға жақын орналасқан елді мекендер үшін жайылымдық және егін шаруашылығы жерлерінің өрісін тартылтады. Бұл ескертулер «Алматы агломерациясын аумақтық дамыту туралы» тұжырымдаманы қабылдау кезінде айтылған. ҒЗИ зерттеу қортындысын сол кездегі Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов  қолдап, G4- City құрылысын бастауға қарсылық танытқан.

Ал содан бір жыл өткен соң елдегі беделді басылымдардың бірі серіктес қалаларды салу үшін тәркіленген жер телімдеріне қатысты қаржылық заң бұзушылықтардың орын алғанын жазды. Алматы облыстық прокуратурасы жер телімдері кадастрлық құнынан бірнеше есе артық бағамен саудаланып, миллиардтаған қаржы жеке адамдардың қалтасына түскенін мәлімдеген. Күдікке ілінген Алматы облысы Іле ауданының атқарушы билік өкілдері қылмыстық жауапқа тартылды. Бұл туралы ашық дереккөздерінде кездеседі.   

Сонымен құрылыс қашан басталады?

«Алатау»  акционерлік қоғамының  дерегінше, қазір құрылыс жұмыстарына дайындық жүріп жатыр. Іс-шаралар жоспарына сәйкес «Caspian Group» АҚ 2019 жылдың қазан айында бірінші 38 мың шаршы метр тұрғын үйлер құрылысын бастауға кірісті. Инвестор бұл аумақта 2021 жылдың 4-тоқсанына дейін 190 мың  шаршы метр баспананы пайдалануға береді.

Бірінші кезек бойынша сумен жабдықтау, газбен жабдықтау, электрмен және жылумен жабдықтау нысандарының құрылысы басталған. «Қоянқұс» тұрғын үй кешені орамдық желілерінің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу аяқталып қалған. Жобаны қаржыландыру Республикалық және жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылатын болады.  Жоғарыда көрсетілген іс-шаралар бойынша кешен қажетті коммуникациямен 2020 жылдың екінші тоқсанына дейін қамтамасыз етілмек. Алайда Алматыдан небәрі 2 шақырым жерде жатқан алқапта құрылыс жұмыстары  байқалмайды. Сақалды жобаны бақылауына алуы тиіс Алматы облыстық әкімдігі біздің сауалды жауапсыз қалдырды.  

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.