Банктер ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыруды азайтты
Екінші деңгейлі банктердің ауыл, орман және балық шаруашылығына берген кредит сомасы бір жыл ішінде 48,3%-ға азайды

2018 жылы Қазақстан экономикасының нақты өсімі 4,1%-ды құрады. Тұрақты өсім көрсеткен салалардың қатарында ауыл шаруашылығы (+ 3,5%) мен тамақ өнімдерін (+ 1,6%) айтуға болады. Жалпы, өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 4,5 трлн теңгеге жетті, бұл ЖІӨ-нің 7,2%-ын құрайды. Соңғы бес жыл ішінде ауыл шаруашылық өндірісі жылына 3,3% -ға өсім көрсетіп отырды. Ал 2019 жылдың 10 айындағы көрсеткіш бойынша, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 4,5 трлн теңгеге жетті, ал бір жыл бұрын 3,8 трлн теңгені құраған болатын. Бұл туралы rankiing.kz сайты хабарлайды.
Бұл салада еңбек өнімділігінде де айтарлықтай өсім бар (1,9 млн теңге). 2021 жылы бұл көрсеткіш 3,7 млн теңгеге жетеді деген жорамал бар. Ауыл шаруашылығы секторында қызмет етіп жатқан жандардың саны 1,2 млн адам екен, бұл еліміздегі жұмыспен қамтылған халықтың 13,6 пайызын құрайды.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың бірден-бір жолы – қаржыландыру. Бүгінде ауылшаруашылық өндірісінің барлық субъектілері жеңілдікпен қаржыландыруды қажет етеді. Алайда, қыркүйек айының қорытындысы бойынша екінші деңгейлі банктердің ауыл, орман және балық шаруашылығына берген нкредит сомасы бір жыл ішінде 48,3%-ға төмендеп, 255,1 млрд теңгені құрады. Бұл банк секторы тарапынан ауыл шаруашылығы саласына деген сенімнің төмендігін көрсетеді. «Қаржыландыруды шектеуге әсер ететін фактор – кепіл базасына қойылатын талаптардың қатаңдығынан. Бұл көптеген агроөнеркәсіп кешені субъектілері үшін мүмкін емес» делінген rankiing.kz сайтында.