«Қызымның ісі қозғалды»: Астанада алаяқтықтан кейін қаза тапқан Айсәуле Қанаханың ақшасы түскен дропперлер табылды
«Кибералаяқтық» және «Суицидке жеткізу» баптары бойынша істер бір өндіріске біріккен
Бір ай бұрын қоғамда үлкен резонанс тудырған Өтебай Қанаханнің немересі Айсәуле Қанаха ісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жанданды. Бұл туралы марқұмның әкесі Саябек Қанаха әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Еске салайық, аталған оқиғаны алғашқылардың бірі болып біздің редакция жариялаған еді. Осы уақыт ішінде қоғам белсенділері мен заңгерлер істің әділ тергелуін талап етіп, мәселе кеңінен талқыланды. Кейін Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Ішкі істер министрлігіне депутаттық сауал жолдаған болатын.
Осы резонанстан кейін Айсәуленің өліміне қатысты тергеу сөзден іске көшкен көрінеді.
«Қызымның ісі қозғалды. Қолдау көрсеткен баршаңызға рақмет! Менің қызым Айсәуле Қанаханың қазасына қатысты қоғамдық резонанс пен Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның ІІМ РК-ге жолдаған депутаттық сауалынан кейін нәтиже бар: Айсәуленің алаяқтарға ақша аударған дропперлері табылды, жауап алынды. «Кибералаяқтық» және «Суицидке жеткізу» баптары бойынша істер бір өндіріске бірікті. Іс Есіл аудандық полиция бөлімінен Астана қаласы Полиция департаментіне – тәжірибелі тергеушілерге берілді. Қазір банкоматтар арқылы алынған транзакциялар тексеріліп жатыр. Басқа да тергеу әрекеттері жалғасады. Күрес жалғасады», – деп марқұмның әкесі.
Айта кетейік, Айсәуле Қанаха кибералаяқтардың құрбаны болғаны туралы ақпарат қоғамда үлкен талқыға түскен еді. Туыстарының айтуынша, алаяқтардың қысымы мен психологиялық ықпалынан кейін бойжеткен көз жұмған. Осыдан кейін оның жақындары оқиғаға жан-жақты құқықтық баға беруді және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп келеді.