Балқашта коттедж үйі, «джип» көлігі бар әжей қызын сотқа беріп, ай сайын 43 мың теңге көмек беруін талап еткен

Зейнеткер өзінің күнделікті өміріне ақша жетпейтінін айтып, қызын көмек көрсетіп тұруға міндеттемек болған

Балқашта коттедж үйі, «джип» көлігі бар әжей қызын сотқа беріп, ай сайын 43 мың теңге көмек беруін талап еткен
Фото: ЖИ арқылы жасалды/Google Gemini

Балқаш қаласында коттедж үйде тұратын зейнеткер қызын сотқа беріп, ай сайын 43 мың теңге беруін талап еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық соттың мәліметінше, Балқаш қаласының зейнеткері сотқа қызынан ай сайын өз күтіміне 10 АЕК мөлшерінде алимент өндіру туралы талап қою жолдаған. Ол күнделікті өміріне және дәрі-дәрмек сатып алуға ақша қажет екенін, алайда қызының материалдық көмек көрсетпейтінін айтқан.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 145-бабына сәйкес, кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз және көмекке мұқтаж ата-аналарын асырауға міндетті. Алайда Қарағанды облысының Балқаш қалалық соты талап қоюшының ай сайын 128 229 теңге көлемінде зейнетақы алатынын, сондай-ақ оның екі қабатты тұрғын үйі мен Mitsubishi Montero Sport автокөлігі бар екенін анықтаған», – делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, қызы талап қоюмен келіспей, жалғыз өзі екі баланы тәрбиелеп отырғанын, олардың әкесінен алимент алмайтынын және сатушының көмекшісі болып жұмыс істеп, айына небәрі 85 мың теңге жалақы алатынын айтқан. Оның айтуынша, әкесі материалдық көмекке мұқтаж емес, өйткені ол коттеджде жалғыз тұрады, автокөлігі бар, зейнетақы алады және дәрігерлер оған тек дәрумендер ғана тағайындаған.

«Сот талап қоюшының көмекке мұқтаж адамдар санатына жатпайтынын атап өтті. Зейнеткер емделуге тұрақты шығындардың бар екенін, үздіксіз күтімді қажет ететінін немесе қолындағы қаражаттың негізгі өмірлік қажеттіліктерін өтеуге жеткіліксіз екенін растайтын сенімді дәлелдеме ұсынбаған. Сонымен қатар оған ұлының материалдық көмек көрсететіні анықталған. Сот сондай-ақ талап қоюшының зейнетақы мөлшері ең төменгі жалақыдан жоғары екенін және тараптар арасында бұрыннан қалыптасқан келіспеушіліктер бар екенін ескерген. Соттың пікірінше, талап қоюдың негізгі себептерінің бірі де осы жағдай болған», – делінген соттың мәліметіде.

Тараптардың мүдделерінің теңгерімін сақтауды назарға ала отырып, сот талап қоюды қанағаттандыруға негіз жоқ деген қорытындыға келген. Сот шешіміне шағым берілмеген және ол заңды күшіне енген.