Биыл телекөпір болмайды: Тоқаев пен Атамқұловтың жоспары басқа
2019 жылдың қорытындысы бойынша 130 жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр

Қазақстанда Мемлекет басшысының қатысуымен жылына бір рет жалпыұлттық телекөпір өткізу дәстүрге айналған. Нақтырақ айтсақ, жыл қорытындысы бойынша жаңа индустриялық жобаларды тікелей эфирде іске қосу рәсімі 2010 жылдан басталып, өткен жылға дейін жалғасып келді.
Биыл бұл дәстүрге аз-маз өзгеріс жасалып, басқаша форматта өткелі отыр. Біріншіден, телекөпір болмайды, бұрынғыдай жобалардың тұсауы тікелей эфирде кесіліп, селекторлық режимде өтпейді. Оның орнына Индустриаландыру күні өтеді. Екіншіден, Индустрияландыру күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтпек. Бұл жайлы ақпаратты «Азаттық рухы» агенттігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі берді.
Индустрияландыру күнін өткізу 2019 жылғы желтоқсан айының 11-не жоспарланып отыр. Шараны өткізуге арналған шығындар сомасы техникалық ерекшелік және мердігерлік ұйым анықталғаннан кейін белгілі болатын көрінеді. Министрлік бұл жайлы жауабында ашып айтпаған.
Ведомство хабарлағандай, алда өтетін Индустрияландыру күнінде 2019 жылдың қорытындысы бойынша 130 жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр екен. Аталмыш жобалар агроөнеркәсіптік кешен, тау-кен металлургиялық кешен, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі, энергетика салаларына қатысты.
Биылғы шарада әкімдер немесе басқа да шенеуніктер жаңадан ашылатын жобалардың алдында жұмысшыларды жинап, тікелей эфирде есеп беріп, әуре-сарсаңға түспейді. Бұл жолы тиісті сала басшылары Президент алдында индустрияландырудың екінші бесжылдығы жайлы есеп беріп, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталады. Сондай-ақ тұсауы кесілетін 130 жоба туралы арнайы презентация болады.
2018 жылдың 12 желтоқсанында өткен жалпыұлттық телекөпір
Министрліктің «Азаттық рухы» агенттігіне берген ресми жауабында индустрияландыру жылдарында (нақтырақ 2010-2018 ж.ж – авт.) 1 250 жоба іске қосылып, 120 мың астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтығаны айтылған. Алайда, мыңнан астам жобаның бүгінде қаншасы жұмыс істеп тұрғанына ведомство жауап берген жоқ. Басталмай жатып, немесе орта жолда жұмысын тоқтатқан жобалар туралы мониторингті жергілікті әкімдіктер жүргізеді екен.
Индустрияландырудың бірінші бесжылдығында 770 жоба іске қосылып, 76 мың адамға тұрақты жұмыс орны ашылған. Ал, екінші бесжылдық басталғалы 480 жоба ашылып, 44 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтыған.
Жыл басында сол кездегі салалық министр болған Роман Скляр биыл 120-ға жуық индустриялық жоба іске қосылатынын айтқан еді. Ал, былтыр индустрияландыру картасы аясында құны 1,3 трлн теңгені құрайтын 102 жоба іске қосылып,13,3 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылған.
Жандос БАЙДІЛДА, Нұр-Сұлтан