$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.11.2019, 17:45
Үкімет

Тоқаев қабылдамаған әлі төрт министр бар

Тоқаевтың ел Президенті ретінде алғашқы ресми қабылдауы үкімет басшысы Асқар Маминнен басталды

Тоқаев қабылдамаған әлі төрт министр бар

19 наурыз күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президент ретіндегі өкілеттігін тоқтататып, оның өкілеті Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшті. Қ.Тоқаев 20 наурыз күні Қазақстан халқына ант беріп, Мемлекет басшысы ретінде ресми түрде қызметіне кірісті.

Содан бері 8 ай өте шығыпты. Тоқаевтың ел Президенті ретінде алғашқы ресми қабылдауы үкімет басшысы Асқар Маминнен (20 наурыз) басталды. Премьер-министр Тоқаевқа Үкіметтің 2 айда атқарған жұмыс нәтижелерін баяндаған. Асқар Мамин Президент қабылдауында ең жиі болатын лауазымды тұлға екен, 20 наурыздан бастап Тоқаев Үкімет басшысын 5 рет қабылдапты. Әзірге ешкім Маминнен озып Тоқаевтың ресми қабылдауында болған жоқ.

Министрлердің арасынан ең бірінші Нұрлан Ермекбаевты (қорғаныс министрі), одан кейін Ерлан Тұрғымбаевты (Ішкі істер министрі) қабылдады. Тоқаев Қорғаныс министрін 27 шілде күні Арыс қаласындағы жағдай бойынша тағы да қабылдаған. Соңғы қабылдаудың алдында (15 шілдеде) Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Арыстағы жарылысқа байланысты Нұрлан Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялаған еді.

Үш жылда үш түрлі ведомство басқарған Бейбіт Атамқұловты президент Қ.Тоқаев төрт айда үш рет қабылдапты. Қазіргі Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі бұл көрсеткішімен барлық ведомство басшылары арасында көш бастап тұр. Б.Атамқұлов Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі (2016-2018), Сыртқы істер министрі (2018-2019) болды. 2019 жылдың 18 қыркүйегінен бастап Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев екі мәрте Президент қабылдауында болған (3 шілдеде және 14 тамызда).

Тікелей Тоқаевтың жарлығымен Мәдениет және спорт министрі болып тағайындалған Ақтоты Райымқұлова 5 айдың ішінде екі рет Президент қабылдауында болып, есеп берген.

Тоқаевтың қабылдауында екі рет болған министрлердің арасында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев те бар.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те алты айдың ішінде 2 рет Президентке есеп берді.

Қазіргі Сауда және интеграция министрі, Нұр-Сұлтан қаласының тұңғыш әкімі Бақыт Сұлтанов 8 айдың ішінде екі рет Президент қабылдауында болыпты. Бірінде Нұр-Сұлтан әкімі ретінде есеп берсе, екіншісінде министр ретінде жаңадан құрылған ведомство жоспарымен бөліскен.

Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Әділет министрі Марат Бекетаев, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев сияқты ведомство басшылары Мемлекет басшысының қабылдауында бір-ақ мәрте болған екен.

Ал, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов және Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді әлі күнге дейін Тоқаевтың ресми қабылдауында болмапты.

Деректер Ақорда сайтынан алынды, 2019 жылдың 20 наурызы мен 14 қарашасы аралығын қамтиды.

Жандос Мейірбекұлы, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары